Фото: informburo.kz
«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы 7 жыл бұрын Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылған елордалық Оқушылар сарайының кезекті мерейтойына орай «Болашақ энергиясы» атты көрмесін сыйға ұсынды.
Экспозиция заманауи «жасыл» технологиялардың үлгілері мен баламалы энергия көздері саласындағы инновациялық жетістіктерді, яғни бірегей экспонаттарды жас ұрпаққа көрсету арқылы, заманауи экологиялық таза технологияларды әлемге таныстырып, өнертабысқа деген қызығушылықты арттырып, балаларды жаңа жетістіктерге жетуге жетелей түспек.
Бас қаладағы Оқушылар сарайы бүгінде жай ғана бірегей орталық емес, сонымен қатар ел Астанасы жастарына білім беру ордасы саналады. Жас өскіндер мен олардың ата-аналарына кең көлемдегі білім беру жобаларын, түрлі секциялар және үйірмелер де ұсынады.
Сондай-ақ, оқушыларға 3D-технологияларды пайдаланатын панорамалық сфералық және планеталық проекциялары бар планетарий, «Менің мамандығым» виртуалды зертханасы, 500 орындық драма театры, қысқы бақ және тағы басқа да қызықты орындар қызмет етеді.
Енді «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының сыйлығы арқасында Астана Оқушылар сарайы тағы бір жарқын нысанмен толықты. Бұл бірегей экспозиция балалардың қызығушылығын оятуға және жаңартылатын энергия көздері мен осы саладағы ғалымдардың қазіргі заманғы зерттеулері туралы тың ақпараттар алуына мүмкіндік береді.
Оқушылар сарайының директоры Ербол Исламұлы Іргебай «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басшылығына алғыс-ризашылығын білдірді. «Бұл шынында да біз үшін ерекше жаңалық. «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының біз үшін жасаған ерекше сыйы балалардың ойөрісін кеңейтіп, жан-жақты дамуына септігін тигізеді. Ең маңыздысы, болашақ ұрпақтың ғылыми-техникалық шығармашылығының дамуына жағдай жасап, оларды ғылыммен, технологиямен және қазіргі заманғы «жасыл» технологиялармен таныстыруға мүмкіндік береді», - дейді Е.Іргебай.
Оқушылар сарайның топтамасын толықтырған «Баламалы технология» стенді алты экспонаттан тұрады. Олардың әрбірі адамзаттың қоршаған әлемге деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге және оны күтіп-ұстауға, қамқорлық көрсетуге ауқымды мүмкіндік сыйлайды.
Фото: informburo.kz
Мысал ретінде «Күн генераторы миниатюрасы» экспонатын алуға болады. Бұл – Күн энергиясы арқылы ғана электр қуатын алуға көмектесетін энергетикалық қондырғы. Мұндай теxнология орталықтандырылған энергожелілерден алшақ орналасқан ауылдар, аудандар, таулы аймақтар мен Күн сәулесіне бай жерлерде қолданылады. Тағы бір мысал - ешқандай отынсыз, яки электр қуатынсыз, тек Күн энергиясы арқылы жұмыс жасайтын «үнемшіл» немесе «күн пеші» (solar cooker). Шуақты күні онымен тағам дайындап, ас әзірлеуге болады. Ол қоршаған ортаны ластамайды һәм экологияға келтіретін өзге де зардабы жоқ.
Сонымен қатар, «пико гидрогенератор» (Pico-Hydro) экспонаты бар. Бұл да, өз кезегінде, экологияға тигізер зияны жоқ, белгілі бір үй-жайды, шағын аумақты жарықтандыруға, болмаса радиотаратқышты қосуға қуаты жететін гидрогенератор.
Фото: informburo.kz
Ал, «Био-систематизатор» экспонаты – бұл «табыстан табысқа» идеясының айқын дә сәтті көрінісі. Бұл құрылғыда жануарлардың табиғи қалдығы биогазға айналып, нәтижесінде өртенген қалдықтан электр қуаты пайда болады. Одан бөлек, сусындар мен өзге де сұйық дүниелерді энергия көздеріне қосылмай-ақ суық күйінде сақтайтын сиқырлы «мұздатқыш құмыра» бар. Ал, «Жарық литрі» жобасы – 5 жыл бойы қуаттамай қолдануға болатын, құны 1 долларлық баламалы технология.
Дегенмен, «болашақ көліктерінің» қоршаған ортаға пайдасы, табиғатқа кері әсерінің аздығы туралы және жасыл әлемге жасалған жаңа қадамның нышаны хақындағы бейнекөріністер оқушылардың жүргізушісіз һәм сутекті автокөліктерге деген қызығушылығын арттыра түспек.
Асылы, осы көрменің кішкентай қонақтарының арасынан әлемге және елімізге тың инновациялық шешімдер ұсынып, тұрмыс жағдайын одан әрі жақсарта түсер жарқын дүниелер ойлап табатын еліміздің болашақ ғалымдары мен дарындары шығуы бек мүмкін.