10 нау, 2021 сағат 10:00

Ассамблея аруы анықталды

Көктем мезгілі жарқын мерекелердің бастауы екені белгілі. Көктем басталысымен Жер-ана көгеріп, ағаштар гүлдеп жаңа өмірдің басталап тұсы болады. Осындай жарқын мерекелердің қарсаңында Петропавлда этномәдени бірлестіктер арасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ассамблея аруы 2021» онлайн-байқауы өтті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Аталған байқауға 16-29 жас аралығындағы қыздар қатысты. Этномәдени бірлестіктердің атынан байқауға қатысушылар туған тілін, ұлттық дәстүрлерін жақсы білетіндігін көрсетті.

«Бұл байқауды ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыздың бірі – көктем мерекелерінің маңыздылығын арттыра отырып, аруларымыздың сұлулығын, өнерін, тілге, салт-дәстүрге, мемлекеттік тілге деген құрметін көрсету болып табылады. Өйткені қазір қоғамда өзге ұлт өкілдері мемлекет тілді білмейді деген қате түсінік қалыптасқан. Ал біздің ассамблеяның әрбір мүшесі өз тілімен қатар, мемлекеттік тілді де меңгерген, қажет болған жағдайда қазақ тілінде қарым-қатынас жасап, осы тілде жұмыс істей алады. Оның бірден бір дәлелі бүгінгі аруларымыздың байқауы», - деді Петропавл Достық үйінің меңгерушісі.

Достық үйінде ұйымдастырылған сұлулар сыны бірнеше кезеңнен өтті. Байқаудың нәтижесінде «Әсемдік аруы» номинациясында «Кентрон» армян мәдениеті орталығының белсендісі Рузана Малхасян жеңіске жетті. «Көктем аруы» номинациясына «Hangug Qazagstan» корей этномәдени бірлестігінің өкілі Вера Кан ие болды. «Urpaq» қазақ мәдени-ағартушылық орталығы» қоғамдық бірлестігінің белсендісі Әсел Баймульдинова «Қиялшылдық аруы» атанды.

«Көктем мерекесіне орай ұйымдастырылған байқауда «Көктем аруы» атанғанымды бір жақсылыққа балаймын. Байқауға ұзақ уақыт дайындалдым. Көрей ұлттық киімдері, тағамдары, салт-дәстүрімен қатар, қазақтың ұлттық киімдері, салт-дәстүрі, тілі мен мәдениетін меңгеру үшін барымды салдым. Қазір қуаныштан көзіме жас келіп тұр. Біздің түрлі ұлт өкілдерінің дәл осылай емін-еркін, тату-тәтті өмір сүріп жатқан бір шаңырағымыз Қазақстанымыз жасай берсін. Кең құшағына сыйдырған қазақ халқына мың алғыс», - деді «Hangug Qazagstan» корей этномәдени бірлестігінің өкілі Вера Кан.

Сонымен қатар, «Дуслык» татар-башқұрт орталығының өкілі Лилия Акулина «Нәзіктік аруы» номинациясын, «Мисс улыбка» номинациясында «Сібір казактарының бауырластығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Рассохина Карина жеңді. «Urpaq» қазақ мәдени-ағартушылық орталығының белсендісі Жақсыбай Ханшабибі «Сәнділік аруы» атағын алды. «Ассамблея аруы 2021» номинациясында «Радзіма» Солтүстік Қазақстан облыстық белорус мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі жастар қанатының көшбасшысы Юлия Сысоева жеңімпаз атанды.

Ассамблея аруы атанған Юлия Сысоева бүгінгі жеңісі туралы былай дейді:

«Ассамблея аруы атануға барлық арулар лайық. Бәрі де шетінен өнерлі, талантты. Осынша арудың ішіненен суырылып алға шыққаным үшін, ерекше қуаныштымын. Мен бұл байқауда өз өнерімді ғана емес, өз ұлтымның ерекшелігі мен қазақ халқының дархандығын да көрсетуға барымды салдым. Біздің қалада қанша ұлт өкілдері өмір сүрше, сонша тіл, сонша мәдениет бар. дегенмен біз қазақ халқының мәдениеті мен мемлекеттік тілде ерекше құрметтейміз», - деді «Ассамблея аруы 2021» атанған «Радзіма» Солтүстік Қазақстан облыстық белорус мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі жастар қанатының көшбасшысы Юлия Сысоева.

Барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, Петропавлда этномәдени бірлестіктер арасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ассамблея аруы 2021» онлайн-байқауы өтті. Аталған байқауға 16-29 жас аралығындағы қыздар қатысты. Этномәдени бірлестіктердің атынан байқауға қатысушылар туған тілін, ұлттық дәстүрлерін жақсы білетіндігін көрсетті.