15 қаз, 2021 сағат 16:05

Асхат Аймағамбетов мектептердегі эпиджағдай туралы айтты


Мектептерде дәстүрлі оқу қалай жүріп жатыр және орта білім ошақтарындағы эпидемиологиялық жағдай қалай? Бұл сұрақтарға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы оқу жылы дәстүрлі түрде басталды. Оған 1,5 ай уақыт өтті. Көріп отырғандарыңыздай, елімізде індеттің таралуы бәсеңсіп келеді. Балалардың коронавирусқа шалдығуын шілде-тамыз айларымен салыстырсақ, қазір жағдай жақсарған, яғни вирустың тарауы айтарлықтай төмендеген. Еліміз бойынша балалар арасында коронавирустың таралуы 0,1 пайыздан аспай тұр», - деді А. Аймағамбетов елордада өтіп жатқан ұлттық мектеп спорт лигасы барысында.

Оның айтуынша, мектептерде санитарлық талаптар тиісті деңгейде сақталған. 

«Кейбір сыныптар карантинге жіберіліп, қашықтан оқып жатыр. Ал кейбір сыныптар керісінше мектепке қайта оралып жатыр. Жалпы көрсеткіш 0,1 пайыздан аспайды. Яғни жағдай тұрақты. Ең бастысы – мектепте санитарлық талаптар қатаң сақталуда және карантин ережелерін ұстана отырып, білім беру өз деңгейінде жалғаса береді», - дейді ол.