ҚР Әскери соты Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, вице-адмирал Жандарбек Жанұзақов жазаның жеңілдетілу себебін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Әлеуметтік желі қолданушылары ӘТК-нің бұрынғы бас қолбасшысы Ж.Жанұзақовқа қатысты өткен процесс туралы пікір білдіріп, кейбір азаматтар вице-адмиралды әділетсіз соттады десе, енді біреулері үкімнің жеңіл болғандықтарын айтып жатыр. Дегенмен, мұндай пайым қате. Қоғамды сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылдың 18 мамырында Ақмола гарнизоны әскери сотының үкімімен Ж.Жанұзақов ауыр салдарға алып келген билікті асыра пайдаланғаны үшін ҚК 450-бабы 2-бөлімімен сотталып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Айталық, 2012-2016 жылдары ӘТК әскери кемелері меншікті пирсі салынғанға дейін швартовка жасау үшін жекеменшік айлақтарды жалдауға мәжбүр болды. Оған мемлекеттік сатып алулар конкурсын өткізу үшін мемлекеттен ақша бөлінді. Дегенмен, Ж.Жанұзақов Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы бола тұрып, конкурс өткізбестен бір көзден «С.» ЖШС-імен келісімшарт жасасқан. Теңіздің жағалауында жалға берілетін айлақтар көп болғандығына, оның үстіне құны жоғары, сонымен қатар төмен болғандығына қарамастан Ж.Жанұзақов негізсіз «С» ЖШС-іне басымдық беріп, сол арқылы мемлекетке 29 млн теңгеден астам материалдық шығын әкелген. Ж.Жанұзақовтың аталған әрекеті билікті асыра пайдалану ретінде дұрыс жіктелген», - деді әскери соттан.
Ведомство мәліметінше, аппеляциялық сатыда жаза тағайындау кезінде тергеу органдары сотталушының әрекетінен пайдакүнемдіктің болғанын дәлелдей алмаған. Сонымен қатар іске қатысты кәмелетке толмаған баланың болуы, айыптау көлемінің қысқаруы сынды жазаны жеңілдететін жайттар да болған.
Бұған қоса, Қорғаныс министрлігінің Бас штабы Ж.Жанұзақовтың ұзақ жылдар әскери қызметте болғанын, Қазақстанның Әскери-теңіз күштерің құру және дамытудағы зор еңбегін ескере келе жазаны жеңілдету туралы өтініш жолдаған. Осыған орай аппеляциялық соты Ж.Жанұзақовты бас бостандығынан айыру жазасын 5 жылға бас бостандығына шектеу жазасымен ауыстырған.