Фото: mod.gov.kz
Қазір әскери борышын өтеп жатқан бес мыңнан аса сарбаздың 1,4 миллиард теңге несиесі бар. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Жангулин айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Оның айтуынша, былтыр Қорғаныс министрлігі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, келісімге қол қойған.
"Нәтижесінде қазақстандықтар әскери борышын өтегенде кредитті төлеу мерзімі шегерілетін болған. Агенттік екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарымен бірігіп жұмыс істеп жатыр. Осылайша, бүгінде әскери борышын өтеп жатқан 5 мыңнан аса сарбаздың 1,4 миллиард теңге кредиті шегерілді", - деді Руслан Жангулин ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, ол сарбаздар несиені қандай мақсатта алғанын түсіндірді.
"Олар тұтынушылық кредитті әртүрлі мақсатқа алған. Мысалы, техника, ұялы телефондар, гаджеттерді алу үшін несие рәсімдеген. Келісімнің аясында бүгінде 5 мыңнан аса сарбаздың кредиті шегерілді", - деді Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы.