27 қаң, 2023 сағат 18:41

Әскерде жоғары нәтиже көрсеткендер университетте тегін оқи алады – министрлік

© Photo : Pixabay

Әскери борышын өтеп келген қазақстандық жастар жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсе алады. Бұл ретте олардың ҰБТ-дағы балы ескерілмейді. Ал әскерде жоғары нәтиже көрсеткендер университетте тегін оқу мүмкіндігіне ие болады.

Орталық коммуникациялар қызметінде Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтарға арналған жеңілдетілген білім беру бастамасына тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол 2022 жылы Қорғаныс министрлігі әскери борышын өтеп шыққан сарбаздарға білім беру жеңілдіктерін ұсыну бастамасын көтеріп, бұл бағытта үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті.

"Мерзімді әскери қызметін өткерген жастар күнтізбелік бір жыл ішінде ақылы негізде еліміздің барлық жоғары оқу орнына түсе алады. Бұл ретте олардың ҰБТ балы ескерілмейді. Тиісті өзгерістер Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен бекітілетін типтік қабылдау ережелеріне енгізілді. Бұл ережелер Әділет министрлігінде келісуден өткен, қазір тіркеу сатысында тұр", - деді Төлембаева баспасөз мәслихатында.

Ал жауынгерлік даярлық барысында үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар университет ұсынатын 100% жеңілдікті алады. Яғни оқу орнында тегін оқиды. Қазір 40 жоғары оқу орнымен осындай келісім бекітілген. Олар тегін білім алу үшін 3 мыңға жуық орын ұсынып отыр. Бұдан бөлек, әскери борышын өтеп келгендер жоғарғы оқу орындардың әскери кафедраларында емтихансыз тегін оқи алады.

"Әскери қызметін өткергеннен кейін олар запастағы қатардағы жауынгер болады. Ал егер офицерлік шен алғысы келсе, әскери кафедраға түсіп, запастағы лейтенант атанады. Бір маңызды жаңалық – мерзімді әскери қызметін өтеген және жоғары нәтиже көрсеткен жастар конкурстық іріктеу негізінде Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына емтихан тапсырмай түсуге мүмкіндік алады", - деді Төлембаева.

Қорғаныс министрі кеңесшісінің айтуынша, мұндай жеңілдіктерге ие болу үшін сарбаздар ХҚКО-дан мерзімді әскери қызметтен өткені туралы анықтама алып, әскери билеттің көшірмесімен бірге жоғары оқу орнына тапсыруға тиіс.