Фото: depositphotos.com
Ақпан айында Threads әлеуметтік желісінде Қазақстан армиясы туралы даулы жазба тарады. Онда өзін әскери қызметкер ретінде таныстырған азамат командир тарапынан сексуалдық зорлық көргенін мәлімдеген. Жазба қысқа уақыт ішінде кеңінен тарап, қоғамда қызу талқыланды, деп хабарлайды Ult.kz.
Кейін жазба авторы өз парақшасында қаражат жинап жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, жиналған қаражат шетелге көшіп, пәтер жалдауға жұмсалмақ. Автор аударымдар туралы есеп жариялап отырғанын, соңғы мәлімет бойынша 329 230 теңге жиналғанын айтқан.
Алайда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі бұл мәлімдемелерге қатысты ресми түсініктеме берді.
Министрлік мәліметінше, тиісті органдар жан-жақты тексеру жүргізген. Тексеру барысында жазба авторының жеке басы анықталғанымен, оның жариялаған деректері расталмаған.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, аталған оқиға шындыққа жанаспайды және Құрлықтағы Қазақстан Қарулы күштерінің беделін түсіру мақсатында әдейі таратылған.
Сондай-ақ материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгені ескертілді.
Министрлік азаматтарды тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерге жүгінуге шақырды.
