Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметшілерді тамақтандыру жүйесі түбегейлі жаңартылып жатыр. Енді сарбаздарға бұрынғыдай бір ғана мәзір емес, бірнеше тағамның арасынан өз қалауын таңдауға мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды Ult.kz.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаңа модельде “швед үстелі” элементтері енгізіледі. Бұл әскери қызметшілер күн сайын бірнеше түрлі бірінші және екінші тағамның ішінен өзіне ұнағанын таңдай алады деген сөз. Сонымен қатар, пайлардың бағасы өзгермейді – жүйе тек тамақ дайындау мен тарату процесін оңтайландыру арқылы іске асады.
Қазір елімізде 40 мыңнан астам әскери қызметшіні тамақпен 23 қызмет көрсетуші қамтамасыз етіп отыр. Министрлік бұл жүйені толықтай ұзақ мерзімді негізге көшіруді жоспарлаған. Алдағы уақытта келісімшарттар үш жылға жасалып, барлық конкурс рәсімдері электрондық форматқа ауыстырылады. Бұл ашықтықты арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары Алмаз Жұмакеевтің айтуынша, жаңа модельдің басты мақсаты – әскери қызметшінің нақты қажеттілігін ескеру.
Оның сөзінше, “швед үстелі” жүйесі сарбазға таңдау еркіндігін беріп қана қоймай, тағам түрлерін көбейтіп, тамақ сапасын арттыруға жол ашады. Ең бастысы – бұл өзгерістер қосымша шығынсыз жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, тамақ рационын ұлттық тағамдармен толықтыру, калория мөлшерін арттыру, далалық жағдайда тамақ сапасын жақсарту және әскери аспаздар институтын дамыту бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр.
