03 қар, 2017 сағат 16:37

Асқар Жұмаділдаев: Мен балаларымды орыс мектебіне ауыстыратын боламын

Асқар Жұмаділдаев жақын арада қабылданған латын әліпбиіне қатысты өзінің пікірін білдірді, - деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Ол егер латын әліпбиі осылай апостроф күйінде қала беретін болса балаларын орыс мектебіне ауыстыратынын айтты. Асқар Жұмаділдаевтің латын әліпбиін сынға алған видеосы фейсбук әлеуметтік желісіне жарияланған. 

«Кеше біреу «Абай жолының» 27 бетін аударып қойғанын айтып, мақтанып отырды. Керемет! Мәтінді кириллицадан күні кеше қабылданған латынға аудару оңай, ал латыннан кириллицаға немесе ағылшын тіліне ешқашан аудара алмайсың. Себебі компьютер апострафты қабылдамайды. Егер бұл әліпби енетін болса, ешкім қазақша жазғысы келмейді. Егер бұл әліпби қолданылатын болса, мен балаларымды орыс мектебіне ауыстырып жіберемін. Өйткені бұл нұсқамен білім алу мүмкін емес. Бұл мәселеге негізі математикалық тұрғыдан қарайтын болсақ өте қарапайым дүние. Қазақ тілінде өз орнын таба алмай жүрген 8 төл әрпіміз бар. Бұл әріптердің жазылуын кім ойлап тапты? Ойлап тапқан Ахмет Байтұрсынов сынды майталман жандар еді. Қазақтың нағыз жанашыр зиялылары ойлап тапты. Мысалы қазақтың «ә» әріпін алайықшы. Бұл әріп ешқандай елде, ұлтта жоқ. Бұл әріпті біреулер «AЕ» деп жазамыз деді, енді «А’»етіп бір әріпті екі белгімен жазатын болдық. Жоғарыдағы нұсқаның қандай айырмашылығы бар? Ешқандай айырмашылығы жоқ. Жазбаша түрде де бір әріпті екі рет жазатын боламыз. Біздің төл әріптеріміздің саны 2 есеге көбейетін болады. 

Біз «Ә» әріпіне балама жасай алмаймыз, жай ғана бұл әріпті әрі қарай да қолдана берейік. Біріншіден, біз бұл әріпке үйреніп кеттік, екіншіден, бізге бұл әріп ыңғайлы. Бұл әріп ЮНИКОД жүйесінде бар. Мен бұл нұсқаларды кім ойлап шығарып жатқанын білмеймін де, түсінбеймін. Бұл нұсқаны қолдайтын адамдарды да түсінбеймін. Студенттер де бұл нұсқаны қолдайды деп айтып жатыр, олар тіпті бұл нұсқаны түсінбейді, тіпті білмейді. Бұл – шындық. Осы нұсқамен «Игигай» немесе «інілеріміздің шаруасын бітірейік», — деп жазып көріңіздер. Бұл сөздердің жазбаша түрін көргеннен кейін халық ешқашан қазақ тілінде жазғысы келмейді. Әсіресе математика саласының мамандары қазақ тілін мүлдем қолданбайтын болады. Латын әліпбиіне көшудің басты мақсаты қазақтың төл әріптерін сақтап қалу болатын. Бірақ біз бұл әліпби нұсқасына көшу арқылы қазақтың төл әріптерін де, дыбыстарын да жоғалтатын боламыз. Осындайда «Құдайдан мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылыпты», — деген қазақтың мақалы еске түседі. Бұлай болмайды», — деп пікір білдірді Асқар Жұмаділдаев.