15 қаң, 2021 сағат 14:40

Мамин: Үкімет Парламентпен үйлесімді жұмыс істейтін болады

ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындалған Асқар Мамин Үкіметтің Парламентпен үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істейтіндігіне айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ең алдымен маған көрсеткен сенімдеріңізге алғыс айтамын. Бұл мен үшін зор мәртебе және үлкен жауапкершілік. Алдымызда Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша үлкен мақсат-міндеттер қойылған. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуының басым бағыттарын жариялады. Соның ішінде ең бастысы - халықтың табысын арттыру», - деді Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың келісімімен Үкімет басшысы лауазымына қайта тағайындалған Асқар Мамин.

Үкімет басшысы бұл міндеттерді экономиканы қарқынды дамыту арқылы орындауға болатындығын айтты.

«Осы мақсатта экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инвестициялар тарту, жаңа технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын құру және тағы да басқа бағыттар бойынша тиімді шаралар іске асырылады. Осы стратегиялық міндеттерді іске асыруда Үкімет Парламентпен бірге үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істейтін болады», - деді Асқар Мамин.