22 жел, 2021 сағат 11:18

Асқар Мамин солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру жоспарын әзірлеуді тапсырды


ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин алдағы жылы Қазақстанның Солтүстік және Шығыс өңірлерін газбен қамту жоспарын әзірлеуді міндеттеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы жылдың соңына дейін отын-энергетика кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасы қабылдансын. «ҚазТрансГаз»-бен бірге 2022 жылғы 1 сәуірге дейін еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселесі бойынша кешенді жоспарды әзірлеуді қамтамасыз етсін. Үшіншіден, Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен, «Самұрық-Қазына» қорымен және жеке энергия өндіруші ұйымдармен бірлесіп, электр станцияларын жаңғырту мен жаңаларын салуды қаржыландыру механизімін әзірлесін», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында. 

Сондай-ақ, Премьер-Министр алдағы жылы бірқатар өнеркәсіпті іске қосу керектігін міндеттеді. 

«Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 2022 жылғы 1 сәуірге дейін полипропилен өндіру зауытын іске қосуды қамтамасыз етсін, сондай-ақ Атырау облысында полиэтилен өндіру жөніндегі жобаны іске асыруды бастасын. Одан бөлек, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың үлкен әлеуетінің болуын ескере отырып, Қазақстанда «жасыл энергетиканы» дамыту жөніндегі жұмысты жандандыру қажет», - дейді ол.