04 мам, 2020 сағат 16:16

Асқар Мамин ақпарат министрлігінің ұжымына жаңа басшысын таныстырды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұжымына жаңа министр – Аида Балаеваны таныстырды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Үкімет басшысы бұрынғы министр Дәурен Абаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, жаңа қызметінде табыс тіледі. 

Асқар Мамин жаңа министрді таныстыра отырып, Аида Балаеваның ақпарат және ішкі саясат саласындағы 20 жылдық жұмыс тәжірибесін атап өтті. Түрлі жылдары ол Алматы қаласының ішкі саясат департаментінің директоры, Астана қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 

Осыған дейін ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарған.