ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин 2022 жылы Үкімет қандай заң жобаларын әзірлейтінін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылғы жоспарға сәйкес заң жобалары Парламентке енгізілді. Кинематография және мәдениет бойынша заң жобасын екі күннің ішінде Мәжіліске кіргізу қажет. Жалпы, заң жобалау жұмысының 2021 жылға арналған жоспарын орындалды деп тануды ұсынамын», - деді Асқар Мамин бүгін Үкімет отырысында.
Үкімет басшысы 2022 жылға арналған жоспар жобасында 26 заң жобасын әзірлеу көзделгенін атап өтті.
«Оның 16-сы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға қатысты. Келесі жылы Әлеуметтік кодекс жобасы, Жергілікті өзін өзі басқару, Кәсіптік біліктіліктер туралы, Аглемерацияларды дамыту, Жылу энергетикасы туралы заң жобалары және тағы бірқатар маңызды жобалар әзірленеді. Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарын мақұлдауды ұсынамын. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары заң жобаларының сапалы әзірленіп, Үкімет пен Парламентке уақыты енгізілуін қатаң бақылауды тапсырамын. Жоспардың орындалуын жалпы үйлестіру және бақылау Әділет министрлігіне жүктеледі», - деді Премьер-Министр.