Ashyq жобасын іске асырудың алғашқы 7 күнінде Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының қызметкерлері «сары» мәртебесі бар 36 жолаушыны, «қызыл» мәртебесі бар 39 жолаушыны анықтады. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Алгоритмге сәйкес, «қызыл» мәртебесі бар жолаушылар жедел жәрдем келгенге дейін оқшауланып, содан кейін ауруханаға жатқызылды.
2021 жылғы 12 мамырдан бастап Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында Ashyq жобасы толыққанды іске қосылды. Біз барлық жолаушыларға (ұшып шығатын) әуежайға келмес бұрын қосымшаны жүктеп алып, өздерінің мәртебесін тексеру керек екенін ескерткіміз келеді. Терминал ғимаратына «сары» және «қызыл» мәртебесі бар жолаушылар жіберілмейді. Рейске жіберілмеген жағдайда қаражатты қайтару жөніндегі мәселелерді әуекомпанияға жолдаған жөн.
Ashyq қосымшасындағы ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің жалпы базасымен интеграция арқылы келеді және жолаушының қазіргі уақытта вирустың тасымалдаушысы болып табылмайтындығын анықтайды.
