Кеше Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында Ashyq қосымшасына қатысты орын алған келеңсіз оқиғаға қатысты әуежай басшылығы түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта келеңсіз жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Белгілісі, жолаушы Ashyq қосымшасы арқылы тексеруден өтуін талап еткен әуежай қызметкерінің өтінішіне дөрекелік танытқан. Яғни ескертуді елемеген жолаушы әуежай қызметкеріне қарсы қол жұмсады. Оқиға орнынан ізін суытқан жолаушыға біз өз тарапымыздан іздеу салдық. Ендігі әрекет айыптыны тауып, сотқа беріп, жолаушыны әкімшілік жауапқа тартатын боламыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының атқарушы директоры Дәулет Хамзин тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, әуежай қызметкері ауыр зардап шекпеген, тек жеңіл дене жарақатын алған.
«Бұл жерде қызметкер өз міндетін орындады. Бейнебақылау арқылы біз дауысты ажырата алмаймыз, бірақ әрекетке қарап әріптесіміздің өз міндетін тиісінше атқарып, мәселені кикілжіңсіз шешуге тырысқаны байқалады», - дейді ол.
