ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 4 жылдың ішінде шетелден импортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерін отандық өнімдерге алмастыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінен Қазақстан өзін 80 пайызға қамтамасыз етеді, ал кейбірінен тіпті артықшылық бар. Тек алты тауар, олар: алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік, сүзбе, қант және құс еті бойынша импорт тәуелділігі сақталуда. Десекте, бұл олқылықты ҚР АШМ жақын уақытта жоюды жоспарлап отыр.
Ағымдағы жылы жылына 105 мың тонна сүт өндіретін 25 тауарлық сүт фермасы, 3 ет комбинаты, қуаттылығы 73 мың тонналық 8 құс фабрикасы салынатын болады, 2 мың гектарға бақ отырғызу жоспарланған. Сондай-ақ, Жамбыл және Павлодар облыстарында жылына жалпы өндіріс қуаты 200 мың тонна қант өндіретін 2 зауыттың құрылысы басталды. Сонымен қатар, қолданыстағы үш қант зауыты жаңғыртылады.
Бұдан басқа, суармалы жерлердің көлемі азықтық дақылдары үшін – 45 мың га, көкөністерге 15 мың га кеңейтіледі. Сондай-ақ, әртараптандыру бойынша тиімділігі жоғары «майлы және бұршақты» дақылдарға арналған егістік алқабы ұлғайтылатын болады.
Аталмыш шаралар ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы өнімдері импортының жалпы үлесін 36,2%-дан 31,2%-ға дейін қысқартуға, ал 2024 жылға қарай елдің ішкі нарығын отандық азық-түлікпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.