Қазақстанда қырылған 588 мың тауықтың 329 мыңы құс тұмауынан өлген. ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов қалғаны – табиғи шығын екенін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біз бүгінгі күні бүкіл республика аумағындағы құстың шығынын түгендеп отырмыз. Халық қазір бір құс өліп қалса да хабарлайды. Қызылорда мәселен 12 құс өлді. Ол туралы ақпарат келді. Біз бәрінің сынамасын алып, зертханада тексереміз. Зертхана апарған сынамамыздың 50 пайызының жоғарысы - құс тұмауын анықтамайды. Арасында табиғи шығын болады», - деді Тұрсын Қабдолданов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша Қазақстанда осы уақытқа дейін қырылған 588 мың тауық көміліп, есепке алынған.
«Бірақ оның ішінде тек құс тұмауынан өлгендері – 329 651 бас. Әр басының өзі анықталып, солар үшін ғана ақы төленетінін хабарлап отырмыз», - деді ол.
Ал өз кезегінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева Түркістан облысында, Ақтөбе облысында, Шымкентте, Жамбыл облысының бір ауданында, Ақмола облысының бір ауданында, Павлодар облысының бір ауданында, Қарағанды және СҚО төрт елдімекенінде құс тұмауының расталмағанын жеткізді.