ҚР АШМ орамжапырақты алыс және жақын шетелдерге экспорттауды тоқтатуды жоспарламады және тыйым салмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәлімдемесін кейбір фермерлердің ресми дереккөздердегі ақпаратпен таныспауына немесе оны дұрыс түсінбеуіне, сондай-ақ әлеуметтік желілерде қате, кейде әдейі жалған ақпараттың таралуына байланысты ресми түрде жасағанын жеткізді.
«Бұл дегеніміз - орамжапырақты экспортауға, соның ішінде Ресей Федерациясының аумағына да экспорттауға рұқсат етілгенін білдіреді. Алайда Қазақстан Республикасында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты ағымдағы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жетіспеушілігіне жол бермеуді және халықты азық-түліктің жеткілікті көлемімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін олардың төмендетілмейтін қорды қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондықтан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі кейбір азық-түлік тауарларының экспортын реттеу туралы ереже енгізді. Олардың қатарына орамжапырақ, түсті орамжапырақ, жапырақты орамжапырақ, кольраби және басқа да Brassica тектес осыған ұқсас жеуге жарамды көкөністер кірді», делінген хабарламада.
Жалған ақпараттың одан әрі таралмауы үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орамжапырақты шетелге квота бойынша экспорттауға рұқсат етілгенін ресми хабарлайды. Ведомствоның барлық тиісті хабарландыруы мен құжаттары сайтта жарияланған.