Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев сенаторлардың алдағы уақыттағы негізгі жұмыстарын белгіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президент биылғы Жолдауында жаңа жағдайдағы барлық іс-қимылымызды нақты белгіліп берді. Бұл басымдықтарды іске асыру үшін Парламентке үлкен міндет жүктеліп отыр. Себебі, біз Мемлекет басшысының әр бастамасын сапалы заңдармен қамтамасыз етуіміз керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда алдағы уақытта нақты қандай заңдар қабылдануы тиіс екенін де көрсетіп берді. Соған сәйкес, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға тиісті түзетулер енгізілетін болды. Бұл мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру үшін аса маңызды. Қазіргі кезде осы бағытқа тың серпін керек екенін бәріміз көріп отырмыз», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Осы орайда ол сенаторларды бұл жұмысқа белсене атсалысуға шақырды.
«Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жаңа ұлттық индустрианы дамытуға арналған жаңғыртылған заңнамалық негіз дайындауды және жыл соңына дейін өнеркәсіп саясаты туралы заңды әзірлеуді тапсырды. Мұның бәрі тұрақты экономикалық өсімді қамтамасмыз етуге бағытталған бастамалар екені анық. Квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алу жұмыстарын реттейтін біртұтас заңды да жыл соңына дейін қабылдау міндеті қойылып отыр. Шын мәнінде бұл салада мәселе аз емес. Соның бәрін заңмен реттеп, сатып алулардың ашық, әділ жүргізілуін қамтамасыз еткен жөн. Осы жұмысқа Сенат депутаттары өздерінің үлесін қосады сенемін», - деді М. Әшімбаев.
Сенат төрағасы Жолдауда Салық кодексін жетілдіруге, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге және ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге баса мән берілгенін еске салды.
«Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғаудың заманауи жүйесін қалыптастыратын Экологиялық кодексті қабылдау мәселесі де назардан тыс қалмады. Президентіміз азаматтардың, әсіресе, балалардың құқығын қорғауға қатысты заңнамалық шаралар қабылау керектігін айтты. Өздеріңізге белгілі, қазір қоғамның белсенділігі айтарлықтай артып келеді. Азаматтарымыз көпшілікті алаңдатқан мәселелер бойынша пікірін ашық білдіріп, оларды шешу жолдарын да ұсынып жүр», - деді ол.
Сенат Төрағасы бұл үрдісті мемлекет мүддесі үшін тиімді пайдалану қажет екенін және осыны ескеріп, Президент жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, қоғамдық бақылауды күшейту, қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру бағыттарында құқықтық негіз қалыптастырудың маңыздылығына тоқталғанын айтты.
«Алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Соның бәрін дер кезінде және жүйелі түрде жүзеге асыру үшін аянбай еңбек етейік, әрбір заң жобасын ұлттық мүдде, өңірлерді дамыту тұрғысынан қарап, талқылайық. Бұл - сенаторлардың міндеті. Заң жобаларын қараған кезде азаматтық қоғам өкілдерімен, мемлекеттік емес ұйымдармен, мамандармен тығыз жұмыс істеу қажет. Қоғамның сұраныстарын ескеріп, өзекті проблемаларды талқылап, олардың шешілуіне үлесімізді қосу – негізгі басымдықтарымыздың бірі. Біздің осы сессиядағы әрбір шарамыз ашық, өзекті, тиімді болып, нақты нәтижелерді қамтамасыз етуге тиіс. Алдағы уақытта сенаторлар осы бағыттарда белсенділік танытып, бәріміз бірлесіп, жұмысты өте нәтижелі түрде ұйымдастырамыз деп сенемін», - деді Мәулен Әшімбаев.