ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда жастарға тәрбие беруге басымдық берілуі керектігін айтып, пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
««Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда бізде науқаншылықтың болып жатқанын жасырын емес. Оны айтуымыз керек. Әрине, рухани салада өңірлерде көп шаруа атқарылады. Бірақ соның бәрін бағдарлама аясында жасай беру де шарт емес шығар. Сондықтан Дәурен Әскербекұлы (Абаев – авт.) айтқандай, бұл тұрғыда саннан сапаға көшу керек. Министрдің шараны қысқартайық, әр шара сапалы түрде жүзеге асырылуы тиіс деген бастамасын толықтай қолдаймыз», - деді ол Ақордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында.
ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасарының айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда жастар тәрбиесіне басымдық берілуі тиіс.
«Жастарға дұрыс болыңдар дей бергеннен нәтиже шыға ма деген сұрақ бар. Төлен ағамыз дұрыс айтты: жастарды тәрбиелеу үшін дұрыс құндылықтарды қалыптастыру керек. Сол себепті осы бағдарлама аясында дұрыс құндылықтар мәселесін жиі көтерсек, осыған басымдық берсек – Елбасының стратегиялық бағдарламасының жүзеге асырылуына үлкен бір үлес болады деп қабылдаймын. Осы тұрғыдан келген кезде дұрыс құндылықтарды не қалыптастырады? Ең біріншіден, көркем туындылар, телесериалдар, фильмдер, кітаптар мен жақсы лекциялар керек. Сондықтан, биыл да, келер жылдарда да көркем туындылардың сапасына көбірек көңіл бөлу керек секілді. Мысалы, алда әл-Фараби туралы да, Абай жайлы да фильмдер түсіріледі. Осындай туындылардың бәрін пысықтап, керек болса комиссияда талқылап алуымыз керек», - деді ол.
Мәулен Әшімбаев Абай жайлы фильм немесе телесериал түсірсек, «толық адам» концепциясын түсіндірерлік деңгейде еңбек жасалуы тиіс.
«Осы мәселеге мемлекеттік комиссия көбірек көңіл бөлетін болса, Елбасының бағдарламасының жүзеге асырылуына көп үлесін қосар деген үміттеміз», - деді ол.
Еске сала кетсек, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Ақордада бүгін ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өткізілді.