12 ақп, 2018 сағат 17:24

Әшімбаев «Нұр Отанның» қалыптасқан әдіс-тәсілдері мен форматын өзгертуді ұсынды

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия филиалдарының өкілдерімен кездесті. Партияның өңірлік, аймақтық филиалдарымен қатар ірі кәсіпорындар базасында құрылған филиал және бастауыш партия ұйымдарының басшылары қатысқан жиында Елбасының партия қызметін жаңғырту жөніндегі тапсырмасы кеңінен талқыланды.

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі хабарлайды.

Жиынды ашқан Мәулен Әшімбаев партиялық жаңғырудың басым бағыттарын атап өтіп, алда тұрған міндеттердің аймақтық деңгейде де аса маңызды екеніне назар аударды. Партия Төрағасы Бірінші орынбасарының айтуынша, нұротандықтар елімізде қолға алынған жүйелі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші болуы керек. Сол үшін алдымен өзімізге партияның негізгі міндетін анықтап, идеологиялық жұмыстың бағыт-бағдарын айқындап алу керектігін айтқан Мәулен Әшімбаев:

- Біз бүгінде көбіне ішкі жұмыстарға басымдық беріп, солармен ғана шектеліп қалғандаймыз. Тіпті кейбіреулер Орталық аппаратқа құдды бір министрлік, ал партияның аймақтардағы филиалдарына жергілікті әкімдіктердің бір бөліміндей қарайды. Бұл Елбасымыздың партияның алдына қойған мақсат-міндеттері мен атқарар рөлін дұрыс түсінбеудің салдарынан болып отыр. Мемлекет басшысы: «Нұр Отан» - министрлік те, атқарушы билік те емес. Ол - стратегиялық күш», - деп партияның бағыт-бағдарын анықтап берді. Сондықтан біз жұмысы жүйелі әрі тиімді, міндеті айқын стратегиялық күш болып қалыптасуымыз керек, - деді.

Мәулен Әшімбаев партияның жаңа бағытта жұмыс істеп, нақты нәтижелерге қол жеткізуі үшін қалыптасқан әдіс-тәсілдер мен форматты өзгертуді ұсынды. Бірінші кезекте партия жұмысына дебюрократизация қажет екенін де тілге тиек етті. Бұл, әрине, өңірлерге де тікелей қатысты бастама. Сондықтан жергілікті жерлерде нұротандықтар өздерін партия шенеунігі емес, халықпен ашық әрі тікелей жұмыс істейтін партия мүшесі ретінде көрсете білуі тиіс. Партиялық іс-шараларды таптаурын нұсқадан арылтып, қоғаммен саяси байланысты жаңаша қарқынмен қайта орнатудың да маңызы зор. Нұротандықтардың ұйымдастыруымен өтетін әр іс-шара мәнді, мазмұнды, креативті болып қана қоймай, нақты нәтижеге қол жеткізуі керек.

Сондай-ақ, жиында идеологиялық жұмыстарда өңірлердің «Рухани жаңғыру» бағдарламасына басымдық беруі керектігі айтылды. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстандағы жетекші саяси күш саналатын «Нұр Отан» партиясы құндылықтар мен жаңғыру идеясының жаршысы ретінде әр қазақстандыққа оның мәні мен маңызын түсіндіруі тиіс. 

- Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы көз алдымызға үлкен бір спорт сайысында жеңіске жетіп, кейін жаттығуды ұмытқан, өз өзімен жұмыс істеуді мүлдем тоқтатқан, алдағы мақсат-мүдделерін ысырып қойып, күнделікті күйбең тірліктен арыла алмай өмірдің ағысымен ғана жылжып келе жатқан спортшыны елестетеді. Сондықтан баршамыз ол спортшының қайтадан ес жиып, қарқынды жаттығуына, мақсаттарын айқындап, физикалық қана емес интеллектуалды тұрғыда да өз өзін қолға алуына және нағыз чемпион болуына күш жұмсауымыз керек. Бұл - біздің алдағы уақыттағы басты міндетіміз. Осы жолда бәріміз жұдырықтай жұмылуға тиіспіз, - деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев өңірлік филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарының алдында тұрған басты міндеттерге назар аударды. Ең алдымен, партия өкілдері өз өңірлеріндегі қоғамдық-саяси жағдайды толық бақылауда ұстауы тиіс. Халықтың алаңдатқан мәселелерді дер кезінде анықтап, жедел әрекет етіп, кейін оны партиялық деңгейде шешудің жолдарын ұсынулары керек. Соған орай арнайы Әлеуметтік жүктемелер картасы дайындалмақ. Барлық партиялық жобалардың өзектілігі артып, жаңа бастамалар қолға алынатын болды. Осы ретте «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партия бастамашы болған әрбір жоба есеп үшін ғана қолға алынбай, халыққа нақты пайдасы тиетін маңызға ие болу керектігін айтты.

Кадр мәселесі де назардан тыс қалмады. Соның нәтижесінде алдағы уақытта ең белсенді, ел мүддесін бірінші кезекке қоятын білікті мамандардан кадрлық резерв құрылып, солардың қатарындағы партия мүшелері мемлекеттік органдар мен мәслихаттардағы, тіпті Парламенттегі бос лауазымдарға ұсынылатыны айтылды. Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев сайлауалды бағдарламада көрсетілген уәделер мен міндеттерді орындау үшін әрбір филиалға білек сыбанып жұмыс істеп, нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды.

- Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бізге ауқымды стратегиялық міндеттер жүктеді. Біз «бір жеңнен - қол, бір жағадан бас шығарып» әрекет етсек, бұл тапсырмаларды табысты жүзеге асырып, партияның қызметін жаңа сапаға көтереміз деп сенемін. Осылайша партияны заманауи, жоғары технологиялы, белсенді, перспективалы, инновациялық саяси ұйым ретінде қайта құруға мүмкіндік аламыз. Бұл біздің қолымыздан келетініне сенемін. Біз жұмыс барысында қандай тәсілдер мен әдістерді өзгерту керектігін және алдымыздағы міндеттеріміз бен бағыт-бағдарымызды нақты түсіндік. Осы бағыттағы жұмыстарға партиямыздың барлық өңірлік филиалдары белсене атсалысады деп үміттенемін, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, жиында партия Хатшылары Ғабидолла Әбдірахымов, Қаныбек Жұмашев және Фархад Қуанғанов сөз алып, өз жұмыс бағыттары бойынша баяндама жасады.