14 жел, 2023 сағат 11:38

Қорғаныс кәсіпорындары мемлекеттің меншігінде болуы керек - Әшімбаев

Фото: senate.parlam.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекеттік қорғаныс кәсіпорындарын жекешелендіру жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Сенат депутаттары ұлттық заңнамаға қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы меморгандардағы қызмет мәселесі бойынша өзгеріс енгізуді көздейтін заңды екі оқылымда талқылап жатыр.

Аталмыш заң жобасында қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі стратегиялық объектілер тізбесін қалыптастыру, мемлекет меншігіндегі кәсіпорындарды «алтын акция» үлесі сақталған жағдайда жекешелендіруге рұқсат ету нормалары ұсынылған.

Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев аталған заңдағы құжаттың осы бөлігіне пікір білдірді.

«Жалпы мемлекеттік қорғаныс кәсіпорындарының жағдайына байланысты біраз сұрақ бар. Бізде «Қазинжиниринг» деген компания жұмыс істеп жатыр. Оны бәріміз білеміз. Он шақты зауыты бар. Бірақ солардың мемлекеттік органдар тарапынан тапсырыс алу мәселесінде көптеген түйткіл бар екені жасырын емес. Бұлар - мемлекеттің қорғаныс әлеуетіне үлес қосып жүрген кәсіпорындар. Бізге оларды қолдаудың бір қалыбын, форматын табу керек. Егер мемлекетке ондай кәсіпорындар керек болмаса, «бізге ол керек емес, шетелден сатып аламыз» деп ашық айту керек. Оған жеткізуге болмайды ғой. Өзімізде қорғаныс кәсіпорындары болуы керек. Бұл — ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Біз олар мемлекеттің меншігінде болуы керек деп санаймыз. Сол себепті осындай кәсіпорындарды қолдаудың бір жүйелі тетіктері керек екені анық. Сіздерге осы мәселені біздің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен бірге пысықтап, заң аясында қандай мүмкіндіктер бар екенін анықтау керек деп есептейміз. Заңға мемлекеттік кәсіпорындарды қолдау бағытында өзгеріс енгізу керек болса, ол жағын депутаттармен қарастыруға дайынбыз. Бірақ сіздерден нақты позиция, ұстаным керек. Егер біздің ұстанымымыз болмаса, ол кәсіпорындар өзімен-өзі жүретін болса, мемлекеттік тапсырыс өзімен-өзі қалыптасып жататын болса, жүйелі жұмыс болмайтыны анық. Сол себепті осы бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге шығарасыздар деп сенеміз. Біз бірге жұмыс істеуге дайынбыз», — деді Мәулен Әшімбаев.