Бүгін «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен партия Саяси кеңесінің отырысы өтті.
Оған Саяси кеңес мүшелері, соның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, атқарушы мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, кәсіпкерлер, дәрігерлер, білім, мәдениет, спорт саласының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және тағы басқалар қатысты. Сондай-ақ отырысқа партияның кезектен тыс XIX съезінің делегаттары да шақырылды.
Іс-шара барысында аталған съездің қарауына шығарылатын Қазақстан Республикасының Президенттігіне «Nur Otan» партиясынан кандидат ұсыну туралы мәселе талқыланып, съездің жұмыс органдарының құрамы пысықталды. Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда еліміздің аса маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанына назар аударды.
– Алдымызда үлкен саяси науқан – Президент сайлауы тұр. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес бұл сайлауға біздің партиямыз да белсенді түрде қатысады. Соған байланысты ертең Елбасы, партия Төрағасының қатысуымен партияның кезектен тыс XIX съезін өткізіп, алдағы сайлауға қатысатын кандидатымызды ұсынамыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, партия Төрағасының абырой-беделі мен дана басшылығының арқасында «Nur Otan» партиясының 20 жылдың ішінде еліміздегі мүшелері ең көп, жетекші саяси күшке айналғанын айтып өтті. Сондықтан партияның алдағы негізгі міндеті Елбасы саясатын әрі қарай жалғастыру, соған басты кепіл болу және Тұңғыш Президентіміз анықтап берген барлық стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу болып қала бермек.
– «Nur Otan» Елбасы анықтап берген еліміз үшін маңызды құндылықтар – тәуелсіздік, жалпыұлттық бірлік, бәсекеге қабілетті қуатты экономика, білімді өркендеген қоғам және бүкіл әлем мойындаған беделді мемлекет құру сияқты басымдықтарды сақтайды. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін партияның ұзақмерзімді саяси көшбасшылығын сақтап, оны әрі қарай нығайту керек. Бұл – бізге жүктелген үлкен жауапкершілік, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Президент сайлауына қатысатын нұротандық кандидаттың есімін ертеңгі съезде Елбасы айтатынына да көңіл бөлді.
– Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ұсынысымен біздің партиямыздан ел президенттігіне кандидат ұсыну билік сабақтастығының маңызды факторы болып саналады және «Nur Otan» партиясының Елбасы саясатын толығымен әрі қарай жалғастыратынын көрсетеді, – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Партия Жарғысының 9.1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенттігіне партия атынан кандидат ұсыну тек партияның жоғары басшылық органы – Съездің шешімімен жүзеге асырылады. Осыған орай аталған мәселені съездің күн тәртібіне шығару жөнінде партия Саяси кеңесінің мүшелері: Парламент Сенатының депутаты Асқар Бейсенбаев, партияның «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Александр Макаренко және «G38» жас көшбасшылар қоры» қоғамдық қорының жетекшісі Айсұлу Ерниязова сөз сөйлеп, бұл жайттың маңызы туралы айтты. Соның нәтижесінде партия Саяси кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ұсыну туралы мәселені партияның XIX съезінің қарауына енгізу туралы ұсынысты қолдап, көтерілген мәселе бойынша Саяси кеңестің Қаулысы қабылданды. Одан бөлек, отырыста кезектен тыс XIX Съездің жұмыс органдары – Мандат, Есеп, Редакция комиссияларының және Съезд Хатшылығының жеке құрамдары қаралып, ұсынылды.
Жиын соңында партия Төрағасының Бірінші орынбасары ертеңгі Съездің ел дамуы үшін маңызы зор екенін тағы бір мәрте еске салды.
– Өздеріңіз көріп отырғандай, Съездің қарауына еліміздің әрі қарай дамуы үшін өте маңызды мәселелер шығарылып отыр. Сондықтан алдағы үлкен іс-шаралардың абыроймен өтуіне баршамыз бір кісідей атсалысайық, – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетек, саяси кеңес - партияның жоғары өкілдік органы. Оның өкілеттігіне партия Съезінің шешімдерін орындау бойынша партия органдары қызметінің негізгі бағыттарын анықтау, партияның қатысуымен болатын сайлау кампанияларына қатысты мәселелерді қарау, партия атынан саяси мәлімдемелер мен үндеулерді қарау және енгізу, қалыптасқан қоғамдық қатынасқа байланысты партияның ұстанымын анықтау, партия Төрағасының ұсынысы бойынша өз құрамынан партия Саяси кеңесінің Бюро мүшелерін сайлау, партия Съезін шақыру, олардың күн тәртібін қалыптастыру, партияішілік талқылауларды өткізу туралы шешім қабылдау, оларды өткізуді ұйымдастыру және қорытындылау, партия съезінің ерекше құзіретіне қатысы жоқ партия қызметіндегі басқа да мәселелерді шешу кіреді. Партия Саяси кеңесінің өкілеттік мерзімі – 4 жыл.