20 жел, 2019 сағат 14:42

Әсет Серікбаев: Еркін күрес шеберлері тарихи жетістікке қол жеткізді

Еркін күрестен Қазақстан командасы үшін биылғы маусым табысты аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әсет Серікбаев баптайтын балуандар Азия чемпионатынан екі алтын еншілесе, өз жерімізде өткен әлем біріншілігінен үш медаль, төрт жолдамаға қол жеткізді. Olympic.kz сайтына сұхбат берген бас бапкер жылдың басты спорттық оқиғаларына тоқталып, ерекше жетістігімен көзге түскен балуандарға өз бағасын берді.

«2019 жылғы маусым біз үшін өте жауапты болды. Өйткені құрлық додасынан бөлек, өз елімізде алғаш рет ұйымдастырылған лицензиялық әлем чемпионатында бақ сынадық. Мұндай ірі бәсекеде жолдамадан бөлек, жоғары деңгейде өнер көрсету, медаль алу, жанкүйер алдында ұятқа қалмау деген факторлар да бар. Қуанышқа қарай, Олимпиада қарсаңындағы маусымды сәтті аяқтап отырмыз. Қаңтар айында Шымкент қаласында күрес түрлерінен дәстүрлі Спартакиада өтіп, сол сыннан соң Азия чемпионатына қатысатын команда жасақталды.

Сәуір айында Қытайда өткен Азия чемпионатында Нұрғожа Қайпанов пен Данияр Қайсанов жеңімпаз атанды. Саятбек Оқасов финалда ұтылды. Содан соң Дағыстандағы халықаралық турнирге, Италияның Сассари қаласындағы рейтингілік жарысқа қатысып, жүлделі орындадан көріндік. Әлем чемпионаты қарсаңында Польшада екі апталық оқу-жаттығу жиынына қатысқанымыз да бар. Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатының нәтижесін баршаңыз көрдіңіздер. Екі қазақ балуаны финалда күресіп, Дәулет Ниязбеков пен Нұрғожа Қайпанов күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар, бірнеше балуанымыз қола жүлде үшін күресіп, Нұрислам Санаев үшінші орынға табан тіреді. Токио Олимпиадасына жеңіп алған төрт жолдамамыз да бар.

Шыны керек, бұған дейін біздің балуандар әлем чемпионатынан екі күміс, бір қола медаль алып көрмеген. Сол себепті, мұны ең үлкен нәтиже деп айтар едім. Командалық есепте Ресейден кейінгі екінші орынға көтерілдік. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Бас бапкер ретінде Нұрғожа Қайпановты жылдың үздік спортшысы деп айтар едім. Небәрі 20 жастағы балуан бір жылда мүмкін болған турнирлердің бәрінде биіктен көрінді. Азия чемпионы атанып, әлем біріншілігінің финалында белдесті.

Мәселен, Дәулет Ниязбеков пен Нұрислам Санаевтан біз жүлде күттік. Себебі, Дәулет үш рет Азияны ұтса, Санаев әлем чемпионатында алысқа барған балуан. Сондықтан, олар жақсы нәтиже көрсетуге міндетті еді. Ал Әлішер Ерғали мен Нұрғожа Қайпановтар күтпеген жерден керемет жетістікке қол жеткізді», - дейді Әсет Серікбаев.