Елорда басшысы Әсет Исекешев «Белсенді азамат-2018» сыйлығының иегерлерін марапаттады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Қала әкімі белсенді азаматтарды халыққа есеп беру кездесуі барысында марапаттады.
«Осы орайды пайдаланып, Астанада жұмыс беру жағдайы мен жайлылықты арттыруда ұсыныс білдірген, жанашырлық танытқан елорданың тұрғындарына алғыс айтамыз. Осының арқасында бірқатар жоба жүзеге асырылды. Сондықтан, елорданың дамуына өз ойларымен үлес қосқан ең белсенді азаматтарды марапаттауды жөн көрдік», - деді Әсет Исекешев.
Осылайша, Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты, бүгінде өзін белсенді блогер ретінде танытып жүрген Тәңірберген Бердіоңғаров, «Арбат Астана» жобасының авторы Арай Ордабаева, «Әкелер одағы» қозғалысының бұрынғы төрағасы Қуаныш Жұматаев, белсенділер Қарлығаш Нәбиулина, Жанна Құрманбаева, әкімнің кеңесшісі Мұрат Әдбімомынов қала басшысының қолынан марапат алды. Астана әкімінің халыққа есеп беру кездесуі "Астана" концерт залында (бұрынғы Конгресс-Холл сарайы) өтті.