Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов прокуратура жұмысын Мәжіліс депутаттарымен салыстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізде қылыстық процесте екі фильтр бар. Мысалы, бір адамды қамау керек болды делік. Ол мәселені прокурор қарайды, содан кейін іс сотқа жолданады. Бұл - өзіндік сүзгі. Былтыр тергеушілер 15 мың адамды қамау туралы өтінішпен прокурорларға келді. Осы орайда біз әрбір өтінішті қанағаттандырудан бас тарттық. Нәтижесінде 3,5 мың адам прокурордың шешімімен тергеу кезінде қамалған жоқ. Ал қалған 11,5 мың адам бойынша прокурорлар сотқа барды. Өз кезегінде сот 500 адам бойынша бас тартты. Жалпы, прокурорлар Мәжіліс сияқты. Өйткені Мәжіліске алғашқы заң жобалары түседі, барлық кемшіліктерді сіздер қарағаннан кейін, Сенатқа жібересіздер. Бізде прокурорлар барлық кемшіліктерді ескеріп, сотқа жолдаймыз», - деді Жақып Асанов Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқылау барысында.
Бас прокурор құқық қорғау органдарындағы цифрландыру жүйесі саладағы қателіктерге жол бермейтінін атап өтті.
«Ең бастысы - цифровизациялау адам құқығын қорғауды күшейтеді. Бүкіл процесс алақандағыдай айқын болады. Прокурорлық бақылау артады. Сыбайлас жемқорлық азаяды. ІТ жүйе тергеушінің, прокурор мен судьяның жұмысын анағұрлым жеңілдетеді», - деді Бас прокурор.
Бас прокуратура әзірлеген ІТ жүйе бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейді. Қылмыстық істерді толықтай цифрлық форматқа көшіруді 2018 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.