06 нау, 2020 сағат 21:46

АСА 105: Арман Оспанов Расул Мирзаевты бірінші раундта нокаутпен жеңді (Видео)

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Арман "Сұңқар" Оспанов Алматыда өткен АСА 105 турнирінде ресейлік Расул Мирзаевты бірінші раундта нокаутпен ұтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ресейлік спортшы жекпе-жекті ширақ бастаған. Дегенмен қорғана жүріп айқасқан Арман қарсыласының осал тұсын таба білді.

Қазақтың «Сұңқары» мен Қап тауының «Қара жолбарысының» айқасы көпке созылған жоқ. Арман Расулды алғашқы раундта-ақ нокаутқа жіберіп, жеңісті жұлып алды.

- Бразилиялықтан жеңілгеннен кейін Қазақстанда жекпе-жек өткізбеймін деп ойлағанмын. Қолдаушыларым барда, командам барда қайта оралдым, - деді жекпе-жек соңынан отандасымыз.  

30 жастағы Арман Оспанов (9-3) пен 33 жастағы Расул Мирзаевтың (18-2) айқасы бұған дейін бірнеше мәрте жоспарланғанымен, әртүрлі себеппен өтпей қалған еді. 

Турнин шеңберінде Қазақстандық Асылжан Бақытжанұлы да жарқын жеңіске жетті. Испан спортшысы Даниэль Толедоны бірінші раундта нокаутпен ұтты. Қарсыласы жағына тиген жойқын соққыдан кейін жер құшты.  

Асылжан жекпе-жекті ширақ бастады. Қарсыласын әр сәт бақылауда ұстап, кездесуді ерте аяқтауға ұмтылды. Оның қателігін күтіп, өз мүмкіндігін мүлт жібермеуге тырысты. Қазақстандық спортшының жағынан ұрған бірнеше соққысы дәл тиіп, қарсыласы нокаутқа түсті. 

Алматыдағы жекпе-жектерде өзге де қазақстандық спортшылар жиналған жұртқа жарқын жеңіс сыйлады. Нұрсұлтан Қасымханов (10-2) беларусь спортшысы Иван Жвирблияны (7-5), Евгений Егембердиев (11-2) поляк Карол Селинскиді (17-9) бірінші раундта жеңіп шықты. Артем Резников ресейлік Хамзат Аушевті қылқындыру әдісімен ұтты. 

Ал жарақат алып қалған Ермек Тлауов ресейлік Алихан Сулеймановқа жол берді.