Фото: Әділбек Ыбырайымұлының мұрағатынан
Жуырда Алматы қаласындағы «Arna-b» баспасынан жазушы, журналист, халықаралық «Алаш» және «Дарабоз» әдеби сыйлықтарының лауреаты Әділбек Ыбырайымұлының жаңа романы – «Арзу» жарық көрді, деп хабарлайды Ult.kz.
Туындыда қазақ елінің қазіргі жағдайы, ғарышты игеру, жеріміздегі сирек металл мен дейтерий суы, оған қызығушылық танытқан алпауыт державалардың астамшыл пиғылы, діни наным-сенімдердің белең алуы секілді өзекті мәселелер көркем тілмен өрбітіледі.
«Арзу» – парсы тілінен енген сөз. Мағынасы – арман-тілек, қалау-ниет, құштарлық. Сонымен қатар бұл сөз адамның жан дүниесіндегі терең аңсар мен сағынышты да меңзейтін поэтикалық мәнге ие.
Фото: Әділбек Ыбырайымұлының мұрағатынан
«Соңғы жылдардағы ізденістерімнің нәтижесі ретінде осы роман дүниеге келді. Онда қазіргі замандағы жаһандық мәселелерді биолог-жас ғалымның көзімен көрсетуге тырыстым. Ғылым мен техника, руханият пен сенім, саясат пен үстемдік секілді қабаттарды біріктіріп, ойлы оқырманға ой тастау мақсатында жаздым», – дейді автор Әділбек Ыбырайымұлы.
Романның алғысөзін техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мейірбек Молдабеков жазған. Ол өз сөзінде:
Фото: zhasalash.kz. Мейірбек Молдабеков.
– «Арзу» – терең философиялық және көркемдік мазмұнға құрылған, адамзаттың ақыл, парасат, ізгілік жолындағы мәңгілік ізденістерін суреттейтін шығарма. Тақырыптың өзектілігі мен көркемдік деңгейі ерекше», – деп бағалайды.
Романдағы негізгі кейіпкерлер – астрономия, физика, теология, гидрогеология салаларындағы заманауи ғылым иелері. Олардың бейнесі арқылы ар мен ақыл, таным мен тағдыр, мінез бен болмыс арасындағы күрделі байланыстар ашылады.
Он тараудан тұратын роман 27,5 баспа табақ көлемінде жарық көрген. Ғылыми-фантастикалық сипаттағы шығармада:
астрономия мен галактикадағы сәулелер мен магнит өрістерін энергияға айналдыру;
дейтерий суынан жаңа қару жасау;
осмий кенінің Марс экспедицияларындағы маңызы секілді ғылыми идеялар көрініс тапқан.
«Арзу» – байлық пен билікке, үстемдік пен технологияға ұмтылған бүгінгі пенденің бет-бейнесін ашуға талпынған, болашақ ұрпаққа ой салар маңызды шығарма.
Әділбек Ыбырайымұлы Алпысбай 1965 жылы 18 сәуірде Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылында туған.
Қазақстан Жастар одағы мен Журналистер одағының бірлесіп, журналистика саласындағы тағайындаған Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының иегері (1992ж.). Сондай-ақ, әдебиет пен мәдениетке берілетін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының (1997ж.), Халықаралық «Алаш» (2012ж.), «Дарабоз» (2015ж.) әдеби сыйлықтарының лауреаты. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген «Алаш тарихының ақиқаты» атты республикалық бәйгесінің жүлдегері, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Азаттық аясында» атты республикалық жыр бәйгесінің бірінші орын иегері.
Ақбота Мұсабекқызы
