"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының металлургия комбинатында екі жұмысшы күйіп, ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендер реанимацияда жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жазатайым оқиға «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатындағы конвертерлік цехтың миксер бөлімінде болды. Кранды көтеру кезінде шойын шелек екі жұмысшыға құлап кетіп, 27 және 37 жастағы жұмысшылардың үстіне балқытылған металл төгіліп, оларды қатты күйік шалды. Олар қазір жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы ауыр деп мәлімдеді.
«1984 жылы туған кран машинисі 2-3 дәрежелі күйік алды. Оның денесінің 20 пайызы күйген. Екінші кран машинисі 1994 жылы туған. Оған 3-ші, 4-ші дәрежелі күйік шалу диагнозы қойылды, денесінің шамамен 70 пайызы күйіп қалған. Зардап шеккендердің жағдайы ауыр деп бағаланады. Жүргізілген реанимациялық шаралардан кейін олар Қарағанды облыстық медициналық орталығының күйік орталығына жеткізілді», - деп хабарлады «АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккендердің екеуінің де жағдайы ауыр деп бағаланғанын айтты. Олар реанимацияда ем қабылдап жатыр.
