Армениядағы мектептер жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта 15 қыркүйекте бастайды, мектептерде барлық санитария-гигиена талаптары сақталуы тиіс. Бұл туралы Арменияның білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Араик Арутюнян хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда арнайы кәсіптік білім беру мекемелері, музыка және көркем өнер мектептері де қалыпты форматқа көшеді. Ол жоғары оқу орындары мен өзге де білім беру мекемелеріне байланысты шешім алдағы уақытта қабылданатынын айтты.
Наурыз айында Армения билігі коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жариялап, карантин енгізген кезде барлық білім беру мекемелерінде сабақ тоқтап, мектептер мен жоғары оқу орындары қашықтан оқи бастаған еді. Содан бері елде төтенше жағдай бірнеше рет тоқтап, қайта күшіне енді. Қазіргі шектеу шаралары 12 тамызда аяқталуы тиіс, алайда билік бұдан соң тағы бір айға ұзартуды жоспарлап отыр.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Арменияда эпидемия басталғалы бері 40,4 мың адамға вирус жұққан, 796 адам қайтыс болған.