29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Арменияда коронавирус жұқтырудың алғашқы жағдайы анықталды. Бір күн бұрын Ираннан келген Армения азаматының тесті оң нәтиже көрсетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елдің премьер-министрі Никол Пашинянның мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Коронавирус инфекциясын елде алғашқы болып жұқтырған – Арменияның 29 жастағы азаматы. Ол 28 ақпанда Ираннан арнайы рейспен келген.
«Алдын ала жасалған тест оң нәтиже көрсетті. Ал қайта тапсырған тест нәтижелері түнгі сағат үште белгілі болды», - делінген Армения премьер-министрінің Facebook-тегі парақшасында жарияланған мәлімдемесінде.
Премьер-министрдің айтуынша, қазір вирус жұқтырған адаммен байланыста болғандарды оқшаулау шаралары жүргізілуде.