3 күннен кейін еліміздің жоғары заң шығарушы органының төменгі палатасы – Мәжіліс депутаттарын сайлау партиялық тізім бойынша өтетіні белгілі. Қызу додаға түскен партиялар арасында «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы Мәжілістен 40 пайыз мүшесін көруге үмітті. Бұл туралы «Ақ жол» Қазақстан демкратиялық партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Жұмаділ Арман Қабдешұлы «Ұлт» порталына берген сұхбатында әңгімелеп берді.
- Арман Қабдешұлы, өзін «өркениетті оппозиция» санаса да, «билік партиясын» саяси қарсылас көрмейтін «Ақ жол» партиясы мәжілістен 38 мүшесін көруге ынталы. Аталған ұйым үш күннен кейінгі сайлаудан не күтіп отыр?
- «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы әрқашанда өзгерістердіңң өркениетті жолмен жүруін қолдайды. Сондықтан да біз қоғамдағы сілкіністерден гөрі, эволюциялық жолмен дамудың ұстанымдарын жөн көреміз. Осыған байланысты биылғы саяси науқанда біз сайлау нәтижелері бойынша Мәжілісте ең болмағанда 40 пайыз мүшемізді көреміз деп үміттеніп отырмыз.
- 2002 жылдан бері бағытын бірнеше мәрте өзгерткен партияның бүгінгі нақты бағыт-бағдары туралы айтсаңыз.
- Бұған дейінгі де сайлауалды жұмыстары өзіміздің сценарийімізбен, жоспарымызбен жүрді. Екіншіден, әр кездегі сайлауларда «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы өзінің нақты ұсыныстары мен нақты бағдарламасымен, жоспарымен шыққан болатын. Сол жоспарлардың бірқатары бүгінгі күні елдің өміріне, экономикалық дамуына өзінің септігін тигізіп отыр. Әрине биылғы сайлаудың ерекшегілі – халықтың шын саяси белсенділік танытып отырғаны. Сондықтан да біз биылғы жылы бұған дейінгі нәтижелермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіштер жинауымыз керек.
- «Ақ жол» папртиясының басқа саяси ұйымдардан ерекшелігі қандай? Халық не үшін «Ақ жолды» таңдауы керек?
- 2002 жылдан бері 18 жыл өтті. Сондықтан да біз осы уақыт аралығында үлкен тәжірибе жинадық. Өзіміздің кей кем-кетіктерімізді түсіндік. Қандай бағдарламамызға қандай мақсат-міндеттерді қою керек екенін анықтадық. Біз үшін бұл үлкен тәжірибе болды. Сондықтан да біздің басты идеяларымыз – біріншіден, әрине Қазақстан Республикасындағы саяси реформаларды жүргізу. Екіншіден, мемлекетте бүтіндей жайлап кеткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын ұстанып отырмыз. Әрине бұл жерде тағы бір айта кететін нәрсе, әлеуметтік әділдік туралы және кәсіпкерлерді қолдау туралы бағдарламамыз бар. Сондықтан да осы бағдарламалардың бәрі де осы 18 жылдың ішінде жиналған тәжірибеге негізделіп, айқындалды һәм 18 жылдың ішіндегі тәжірибеге байланысты түзетілді. Сонымен қатар нақты-нақты ұсыныстар айтылып отыр. Соның бәрін де өмірде іске асыратын болсақ, онда Қазақстанның дамуы біршама алға ілгерілейді деп сенеміз.
- «Депутаттыққа үміткер саяси партиялар тізіміндегі әйелдер мен жастардың үлесі 30 пайызды құрауы керек» деген заңнамалық талапты қаншалықты орындап отырсыздар?
- «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының басқа саяси ұйымдардан ерекшелігі сол – біз саяси реформаларды жүргізуге ынталы болып отырмыз. «Ақ жол» демократиялық партиясы парламентаризм институттарын күшейтуді және мықты Президенттік жүйеден парламенттік Республика жүйесіне біртіндеп көшуді көздейді. Сонымен бірге біз әр деңгейдегі әкімдіктердің, әкімдердің сайлауда ашық сайлауға түсуін талап етіп отырмыз. Одан бөлек біздің "жемқорлықты доғаруға және жемқорлар жинаған, алып кеткен капиталды Қазақстанға қайтаруға, Қазақстан аймақтарының экономикалық дамуына" жұмыс істету үшін нақты-нақты ұсыныстарымыз бар.
Депутаттыққа үміткер саяси партиялар тізіміндегі әйелдер мен жастардың үлесі 30 пайызды құрауы керек деген заңнама шықпай жатып, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы осы принципті басынан-ақ ұстанып келді. Егер біздің кандиттарымызға қарайтын болсаңыз, Мәжіліске де, Маслихатқа да осы принципті нақты ұстанғанын байқауымызға болады.
- «Ақ жол» басшысы партияның жас қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бастамалары туралы айтып жүр?
- «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының бағдарламасында жас қазақстандық отбасыларды үймен қаматамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстары бар. Бұл ұсыныстарды «Ақ жол» партиясы 2013 жылдан бастап көтеріп келе жатыр. Әсіресе, мына жас отбасылар үшін ипотекалық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субцидиялауды ұсынады. Мысалы, бірінші туған балаға несиенің көлемін 25 пайызға кемітсе, екінші бала туғанда - 50 пайыз, үшінші бала туғанда 75 пайыз мөлшерінде субцидиялауды ұсынып отыр. Ал төртінші бала туған жағдайда осы жас отбасылардың несиелік қарызын мемлекет толық жабуы қажет.
Екінші бір мәселе, жастардың арасындағы, балалардың арасындағы дарынды оқушыларды таңдау мәселесін ерекше қолға алып отыр. Мысалы, «Ақ жол» ауылдық жерлердегі дарынды балаларға арналған білім беру жүйесін құруды ұсынды. Өйткені ондай мекемелер көп жағдайда үлкен қалаларда ғана орналасқан. Ал енді дарынды балалардың шет аймақтарда, ауылдардың ішінде болатыны сөзсіз.
Тағы бір мәселе, талантты жастардың елден кетуін тоқтататын жүйелі бағдарламаны ұсынып отырмыз. Өйткені жастардың жаппай елден кетуі - біздің қасіретіміз. Сондықтан да «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы өзінің бағдарламалық ұсыныстары арқылы осы жастарды елімізде қалдырып, лайықты еңбек етіп, лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға қолдау көрсететініміз сөзсіз.