Карантинге қарамастан үйіне қонақ шақырған 30 жастағы ақтөбелік әкімшілік жауапқа тартылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдай режимін бұзған 267 факті тіркелді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «ТЖ режимін бұзу» бабы бойынша 55 адам қамалып, 107 тұрғын айыппұл төледі. Ал Кодекстің «ТЖ жағдайында құқық тәртібін бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер» бабы бойынша 6 адам қамалды.
«Блокпосттарды заңсыз айналып өтпек болған 4 адам қамалды. Екеуіне айыппұл салынып, 9 материал сотқа жіберілді. Сонымен бірге полиция қызметкерлері волонтерлермен бірге күн сайын қаланың көшелері мен аулаларын бақылап жүр. 7 сәуір күні 30 жастағы ақтөбелік өз үйінде әріптестерін жинап қонақ қылған. Полиция қызметкерлері ӘҚБтК-нің 476-бабы 6-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Материал Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.