05 қаң, 2021 сағат 14:53

Арал проблемасы шешу үшін қандай шаралар қабылданбақ?

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев құрғап бара жатқан Арал проблемасын қалай реттегелі отыр? Бұл сұрақ Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында министр Мағзұм Мырзағалиевқа қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл - өте кешенді проблема. 2002 жылдан бастап 2008 жылға дейін осы кешенді бағдарламаның алғашқы кезеңі іске асырылған болатын. Біріншіден, жобаны сәтті жүзеге асырудың арқасында су айдыны 870 шаршы шақырымға немесе 40 пайызға артты, судың минералдану деңгейі төмендетілді. Осының арқасында Аралдың солтүстігінде қазірдің өзінде 20 түрлі балық мекендейді. Әлбетте бұл жұмысты ары қарай жалғастыру керек. Жұмысты екі бағытта жүргіземіз», - деді Мағзұм Мырзағалиев. 

Министр өзі атаған екі бағытқа кеңінен тоқталды.

«Біріншіден, су айдынын қаншалықты кеңейтуге болатыны жөнінде мәселе тереңінен зерттеледі. Бұл жұмысты біз Дүниежүзілік банкпен бірге бастап кеттік. Экологиялық проблеманы шешудің екінші акпекті – Арал теңізінің құрғап қалған бөлігіне ағаш егу. Кейінгі жылдары ол орындардағы 270 мың гектар аумаққа сексеуіл егілгенін атап өту керек. Бәлкім, бұл шаруа тұздану және құмдану процесіне қарсы күресудің бір жолы болса керек», - деді ол.