Апелляциялық алқада тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің «Бек Эйр» компаниясына қатысты арызы бойынша сот шешімі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
26 қазанда Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қорытынды отырысы өтті. Сот бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыру, ал «Бек Эйр» АҚ апелляциялық шағымын қанағаттандырмау туралы шешім шығарды.
Сот шешімі жария етілген кезден бастап күшіне енеді.
Естеріңізге сала кетейік, тұтынушылар құқығын қорғау комитеті 3 шілдеде сотқа талап арыз беріп, онда 5,9 млн теңгеге билет сатып алған 81 тұтынушының мүддесіне өкілдік еткен еді.
24 шілдеде Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты комитеттің талап арызын қанағаттандырды, оған «Бек Эйр» АҚ апелляциялық шағым берді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 241-бабына сәйкес, соттың шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн атқару парағы жазылып беріледі. Атқару парағын бiрiншi сатыдағы сот шешiм заңды күшiне енген немесе iс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап үш жұмыс күні iшiнде жазып береді.
Алматы қалалық сотының апелляциялық сот алқасында «Бек Эйр» АҚ комитеттің екінші талабы бойынша апелляциялық шағымы қаралып жатыр.
Одан бөлек, Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты «Бек Эйр» АҚ-ға қатысты үшінші талапты қарастырып жатқанын қосымша хабарлаймыз, онда ТҚҚК 535 тұтынушының мүддесін қорғайды, талап қою сомасы - 33,8 млн теңге.
Кезекті отырыс 28 қазан сағат 15:00-ге белгіленген.