30 нау, 2023 сағат 21:56

Әнұран орындалғанда орнынан тұрмаған журналист пікір білдірді


Журналист, "Власть" басылымының астанадағы шеф-редакторы Тамара Вааль Парламенттегі видеоға қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол осындай келеңсіз оқиғаның себепкері болғанына өкінетінін және ешкімді ренжіткісі келмегенін, бұл уақытта өз жұмысын атқарып отырғанын жазған. 

"Достар, ақпарат саласында еңбек етіп жүрген маман ретінде Парламенттегі оқиғадан тараған вирустық бейнежазбаға қатысты пікір білдіргенім дұрыс деп ойлаймын.

Алдымен айтарым, Әнұран кезінде орнынан тұрмау - журналистер жиі жіберетін қателік, өйткені сол сәттегі жаңалықтарды тезірек баспасөзге жеткізу керек. Ақпарат қызметкерлері - ақпаратты сол сәтте және тап қазір тарататын журналистер. Ал өз ісімнің кәсіби маманы ретінде менің де мойныма Парламент қабырғасында болып жатқан маңызды жайттарды халыққа барынша тез әрі ашық жеткізу жүктелген.

Біздің жұмысымыздың ерекшелігі де осында, біз нақты уақытта болып жатқан барлық нәрсені мәтін түрінде беруіміз тиіс. Мемлекеттік Әнұран орындалып жатқанда операторлар мен фотографтар залды аралап, түсіріп жатқаны сияқты шаруа бұл. Мұны осы саладағы кез келген маман мен айтпай-ақ білуі керек. Бірақ бұл менің өз елімді, мемлекеттік рәміздерімді сүймеймін, құрметтемеймін дегенді білдірмейді. Мен - Қазақстан Республикасының азаматымын, балаларым да - Қазақстан Республикасының азаматтары. 

Бүгін кейбіреулер Тамара Вааль дегеннің кім екенін дұрыс танымаған сияқты. Мен - 18 жылдық тәжірибем бар журналистпін, көбінесе тәуелсіз БАҚ-та жұмыс істедім. Жемқорлық, халықтың өзекті мәселесі туралы жазып жүрмін, рас, билікті көп сынаймын. Мен әрқашан өз жұмысымды адал орындадым және орындай да беремін. Кез келген орынды сынды қабылдауға әзірмін, бірақ дәл бүгінгі маған деген өшпенділік жаныма батып тұр. Мен - өз елімнің азаматымын, жемқор шенеуніктерді, ел тұрғындарының ортақ проблемаларын, көпшіліктің талап-тілегі туралы жазатын журналиспін. Дәл осындай өзекті мәселелер бәрімізді біріктіруі керек деген ойдамын" - деп жазды ол Instagram парақшасында.

Сондай-ақ ол жағдайына түсіністік танытқан барша достарына, әріптестеріне, жанашыр жандарға қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірген.