24 қар, 2021 сағат 00:21

Антиваксерлерді инфекциялық ауруханаға апарып, жағдайды көрсеткім келеді - Ажар Ғиният


Еліміздің денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Ғиният вакцинаға сенбейтін және оны салуға қарсы адамдарға (антиваксерлер) қатысты өз ойын бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Мен вакцинаға қарсы адамдарды инфекциялық ауруханаға алып барсам деймін. Еш жауап бермей-ақ, жағдайды тікелей өздеріне көрсеткім келеді. Екпеге қарсы болып министрліктің қабылдауына жазылған адамдарға айттым да, жүріңіздер, өздеріңіз куә боласыздар деп. Онда COVID-19 инфекциясымен күресіп жатқан адамдар бір жұтым ауаға зар. Індетті асқындырып алсаң, саған ешқандай вакцина, дәрі немесе аппарат көмектеспейді», - деді Ажар Ғиният танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында.

Сондай-ақ, вице-министр антиваксерлерді коронавируспен күресіп жатқан ауруханаларға шақырғанын да айтты. 

«Өз басым сенбеушілердің көзін жеткізу үшін шақырдым. Тіпті кейбір өңірде вакцинаға қарсылық танытқандарды COVID-19 орталығына апарып, жағдаймен таныстырған денсаулық сақтау басқармалары да бар. Басында қарсы болып, кейін өзі коронавирусқа шалдыққан соң бастапқы ойынан бас тартқандар бар», - дейді ол.