Өскемен қаласында әжетханада қатарласын соққыға жыққан қыздың әкесі Антикорда жұмыс істейтіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Әлеуметтік желілерде ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің қоғамда резонанс тудырған АДК сауда орталығында болған оқиғаға қатысушылармен туыстық байланысы бары туралы ақпарат тарады. Бұл дерек шындыққа жанаспайтынын, оқиғаға қатысқан адамдардың ШҚО Антикор қызметкерлерімен ешқандай туыстық қарым-қатынасы жоқ екенін ресми түрде мәлімдейміз", - деп жазды ол Facebook парақшасында.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желі қолданушыларына жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік барын ескертті.
"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауаптылықты көздейді", - деді Денис Шакенов.