Сурет: OYU LIVE музыкалық арнасы
Ozen лейблінің негізін қалаушы Айзатулла Хуссейн Таиландта қайтыс болған танымал әнші Darkhan Juzz-дің шығармашылығына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Darkhan Juzz - жаңа толқынның алғашқы әншілерінің бірі. Ол миллиондаған адамды қазақ музыкасына ғашық етіп, көп адам үшін ана тілін үйрене бастауға түрткі болған. Оның өмірі қыршынынан қиылды, бірақ Дархан көп нәрсені түсініп үлгерген азамат еді. Кейінгі кездері ол шынымен бақытты өмір сүріп жатқан.
Juzz-дің альбомы аяқталмай қалды. Біз оны міндетті түрде аяқтап, шығарамыз. Барлық әннің құқығын ұлы Ади мен қызы Айданаға мұра ретінде рәсімдейміз. Әр стримингтен түсетін қаржы 100 пайыз отбасына беріледі. Бізді Дарханның мұрасын сақтау жолында үлкен жұмыстар күтіп тұр. Оның әндері мәңгілік шырқала берсін", - делінген лейблдің Instagram-парақшасындағы жазбасында.
Еске салайық, 24 ақпанда Darkhan Juzz лақапатымен белгілі музыкант Дархан Жүнісбеков қайтыс болды. Сол күні Сыртқы істер министрлігі өкілдері дарынды жастың өліміне қатысты түсінік берді.
"Таиланд полициясының ақпараты бойынша, 24 ақпанда Пхукет аралында Қазақстан азаматы Дархан Жүнісбеков қайтыс болды. Ол жалға алған мопедімен жол апатына түскен. Консул марқұмның туыстарымен байланыста, Қазақстанға мәйітті жіберу үшін қажетті құжаттарды ресімдеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Darkhan Juzz (Дархан Жүнісбеков) 1991 жылы 9 тамызда Алматыда дүниеге келген. Ол рэп орындаушы, бірқатар әннің авторы және саунд-продюсер еді.