18 қыр, 2023 сағат 20:24

Анкара мен ҚазҰУ әріптестігі

 


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры Муса Казим Арыджанмен кездесті.


Кездесуде тараптар екі университет арасында әріптестік байланыс пен өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды. Онда білікті кадрларды даярлау, студент және оқытушылар алмасу, ғылыми бағытта бірлесіп зерттеулер жүргізу,  серіктестікті дамыту шаралары көзделген.


Жүздесуде университет басшысы Жансейіт Түймебаев бауырлас елдер арасындағы өзара тығыз ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтіп, ҚазҰУ-дың жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы айтты.


«ҚазҰУ – Орталық Азиядағы көшбасшы университет. 2022 жылы Ыстамбұл университетінде ҚазҰУ филиалы ашылды. Университетте 1996 жылдан бері ТҮРКСОЙ кафедрасы табысты жұмыс істеп келеді. Түркияның жоғары оқу орындарымен серіктестік күн санап артып келеді. Бүгінгі келісім алдағы уақытта Анкара әлеуметтік ғылымдар университетімен ынтымақтастықты арттыруға, бірлесіп жұмыс істеуге зор мүмкіндік береді деп сенемін», – деді Жансейіт Түймебаев.


Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түркияның 45 жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан. 2022/23 оқу жылында университеттің 17 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Түркияның жоғары оқу орындарында оқып келді. Оқу ордасының 36 оқытушысы, 81 PhD докторы және 20 магистр Түркияға арнайы барып, тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың 100-ден астам оқытушысы мен қызметкері  екі жыл қатарынан, яғни 2021 ж. және 2022 ж. Анталия білім университетіне арнайы барып, кәсіби біліктілігін арттырып, тәжірибелерімен бөлісіп қайтқан болатын. Биылғы жаңа оқу жылында ҚазҰУ-ға Түркияның 66 студенті қабылданды.

Өз кезегінде Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры Муса Казим Арыджан екі университет арасындағы ынтымақтастықты дамытуға күш-жігерін салатынын атап өтіп, барлық бастамаларды қолдайтынын жеткізді.


«Қазақстан біз үшін аса маңызды орын алады. Тәуелсіздік алған сәттен бастап елдер арасында берік достық қатынастар дамып келеді. ҚазҰУ мен Анкара әлеуметтік ғылымдар университеті арасындағы достық жаңа кезеңге көтерілді. Осыған байланысты біз серіктестіктің жаңа бағыттарына әрдайым ашықпыз», – деп атап өтті мейман. 

 

Қарагөз СІМӘДІЛ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы