13 қар, 2021 сағат 13:37

Андрей Лукин орманды қорғау заңнамасын қатаңдатуды ұсынды


Сенатор Андрей Лукин жасыл желекті кесуді заң жүзінде реттеудегі олқылықтар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутат вице-премьер Роман Склярдың атына жолдаған депутаттық сауалында осы саладағы заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы мәселе көтерді. 

Андрей Лукин соңғы бірнеше жылда бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай заңсыз ағаш кесу туралы ақпарат жиі пайда бола бастағанын атап өтті. 

2020 жылы Алматы қаласында Қызыл кітапқа енген емен ағаштарының кесілуі, Шымкент қаласында автожолдардың құрылысы кезінде рұқсатсыз және өтемақысыз 2 мыңнан астам ағаш пен тал-бұтаның оталуы жұртшылық арасында ашу-ыза туғызған болатын. Орман кодексіндегі қолданыстағы ережелер ағаштар мен бұталарды кесілуден жеткілікті түрде қорғай алмайды. 

«Ережелерді бұзғаны немесе ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені, жойғаны немесе зақымдағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін келген залалды анықтау қажет. Бұл ретте, залалды есептеу үшін уәкілетті орган белгіленбеген және залалды анықтау әдістемесі жасалмаған, сондықтан кінәлі адамдар жазасыз қалып отыр», - деді Андрей Лукин. 

Сенатор осыған байланысты заңнаманы жетілдіру мәселесіне Министрлер кабинеті мүшелерінің назарын аударып, Қызыл кітапқа енген ағаштарды кесуге рұқсат беруді ережелерден алып тастауды сұрады.