10 маусымда жарық көрген жаңа есебінде Лондонда орналасқан құқық қорғау ұйымы Қытай басшылығының 2017 жылдан бері жүргізіп жатқан ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек, дүнген, тәжік халықтарын "діни дәстүрінен, мәдениеті мен ана тілінен айырып", "біртұтас, зайырлы қытай ұлтын қалыптастырып, Коммунистік партия идеалдарын күштеп таңу мақсатындағы" "шектен шыққан шараларын" сынға алады.
Amnesty International ұйымының бас директоры Агнес Калламард Шыңжаңды "аса ауқымды көлемдегі нағыз тозақтың өзіне айналдыру үшін" Қытай өкіметі "террормен күрес" деген желеумен мұсылман азшылықтың жүздеген мың өкілін "жаппай қамап, азаптап", миллиондаған адамды "жүйелі түрде аңдиды" деп мәлімдеді.
Халықаралық қауымдастық Шыңжаңдағы саясаты үшін Пекинге қысымды күшейтті, АҚШ Қытай билігінің аймақтағы мұсылмандарға көрсеткен қысастығын сипаттауда "геноцид" терминін қолданып келеді.
Шыңжаңдағы "қайта үйрену лагері" делінген ғимарат. Артуш қаласы, 2 маусым, 2019 жыл.
БҰҰ-ның есебі бойынша, аймақта кемінде 1 миллион мұсылман "экстремизммен күрес орталықтарына" қамалған. Ал Пекин бұл орындарды адамдарды экстремистік идеялардан арылтып, қоғамға интеграциялайтын "білім беру орталығы" деп атайды.
Бұған қоса, құқық қорғау ұйымдары Қытайды Шыңжаңдағы жүздеген мың адамды күштеп қара жұмысқа жекті деп айыптайды, Пекин мұны да жоққа шығарады.
"ТҮРМЕ ТӘРІЗДІ ОРЫНДАРҒА ЖАППАЙ ҚАМАУ"
"Біз соғыстағы дұшпан сияқтымыз": Шыңжаңдағы мұсылмандарды жаппай қамау, азаптау және қудалау" деп аталған есепте Amnesty International "қайта үйрену лагерьлеріне", іс жүзінде "абақтыға" қамалған 50-ден астам адамның естелігін келтіреді.
Amnesty International-дың тұжырымы бойынша, қамауда болғандардың бәрі "діни тақырыптағы суреті немесе шетелдегі адаммен сөйлкені" үшін, яғни заңға қайшы емес әрекетіне бола ұсталған.
Олардың көбі полиция бөлімшесінде "жолбарыс орындықта" отырып тергеледі. "Жолбарыс орындық" – қол мен аяқты қозғалтпай, денені ауыртып ұстап тұратын темір орындық.
"Полиция бөлімшесінде ұрып-соғу, ұйқыдан айыру және көп адамды тоғыту – өте жиі кездесетін көрініс, тұтқындар тергеу және "түрмеге ұқсас" лагерьлерге жеткізу кезінде басына қап кигізіліп, аяғын кісенделгенін айтқан.
