Өзін "оппозиция кандидаты" деп атайтын, "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан сайлауға түскен Әміржан Қосанов 10 маусымға қараған түні жарияланған екі экзит-полл нәтижесіне байланысты пікірін айтты. "Қоғамдық пікір" институты мен "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген экзит-полл нәтижесі бойынша "Нұр-Отан" кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев шамамен 70 пайыз дауыс алған. Ал саясаткер Әміржан Қосанов шамамен 15 пайыз дауыс жинаған.
Әміржан Қосановтың пікірінше, "біріккен оппозицияның болмауы" және "шетелде жүрген демократиялық лагерь бойынша бұрын әріптес болған" азаматтардың сайлауға "бойкот жариялауы" "жеңуіне" кедергі жасаған.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғаммен диалог жүргізіп, өзгеше ойлайтындарды қудаламау, әсіресе жастардың балама пікіріне жол беру ниетін "дәлелдегенін" айтып, "жеңісімен" құттықтады.
9 маусымда сайлау болған күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда, Шымкентте жүздеген адам наразылыққа шығып, сайлауға бойкот жариялайтындықтарын айтты. Ресми дерек бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыда кемінде 500 адам ұсталған.
0 маусымға қараған түні полиция бөлімшелерінде көшпелі сот отырыстары болды. Оның алдында сот ғимараттары алдына ұсталғандардың туыстары келіп, оларды босатуды талап еткен.
Бұған дейін елдің ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев наразылық акциясын "қоғамдық тұрақтылықты шайқау" талпынысы деп атап, оған қатысушыларды "арандатушылар" деді. Ол сонымен бірге полицияның "заң аясында" әрекет еткенін айтып, митингілер кезінде үш полицейдің зардап шеккенін жеткізген.
Бұл - Қазақстанда өткен алтыншы президент сайлауы. Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың 77,4 пайызы дауыс бергенін хабарлады.