10 жел, 2021 сағат 13:40

Америкалық отбасы асырап алған қыз Қазақстаннан әкесін іздейді


Америкалық отбасы асырап алған Элизабет Азиз Қазақстаннан туған әкесін іздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Редакцияға жүгінген Элизабет Азиздің айтуынша, туған анасын тапқан. 

Бірақ, ол биологиялық әкесіне қатысты жан-жақты ақпарат бермеген. Сонымен қатар ол туған анасын қалай тауып алғанын айтып берді. 

«Instagram-нан аты-жөні бірдей адамнан сұраныс келгенін көріп, оған хат жаздым», - деді ол.

Енді Элизабет Азиз туған әкесіне іздеу салып отыр. 

«Өздеріңіз білетіндей, анамды таптым. Енді биологиялық әкемдіі немесе оның отбасын табуға тырысып жүрмін. Менің құжаттарымда оның аты-жөні Жасұлан Тілеуов деп жазылған. Бұл оның шын аты екендігіне сенімсізбін. Оның 2003 жылы Ақтөбе қаласында тұрғанын білемін. Сол уақыттарда оның жасы шамамен 16 не 18-де болғанынан және орта мектепті бітіргеннен кейін әскерге кеткенінен хабарым бар. Маған оның апат салдарынан қайтыс болғанын айтты. Шын-өтірігін білмеймін. Оның ұзын бойлы, келбеті орысқа ұқсайтындығын да айтып берді. Балалар үйінен оның татар болуы мүмкін екендігі туралы болжам айтылады. Қолымда бар ақпарат осы ғана», - деді Элизабет Азия агенттік тілшісіне.

Қазіргі уақытта бойжеткен АҚШ-та тұрады.