22 жел, 2022 сағат 21:55

«AMANAT»-та «Жастар Рухының» үздік волонтерлері мен белсенділері марапатталды


Бүгін алғаш рет «Рухтастар» жастар сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының үздік волонтерлері мен белсенділері қоғамдық қызметі, еліміздегі жастар саясатының дамуына қосқан үлесі үшін мүсінше мен сертификатқа ие болды.

«AMANAT» партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI Съезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастар үшін үш маңызды басымдықты атап өткен болатын. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Сол кезде жастар қанатын трансформациялау бағдарламасы қабылданды.


Іс-шараны ашқан «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов жастар дамудың негізгі қозғаушы күші саналатынын атап өтті.

«Әділетті Қазақстан білімді және еңбекқор жастардың күшімен құрылады. Елдегі барлық бастамалар мен реформалар жастармен бірге іске асырылып келеді. Жас қазақстандықтар өз қарым-қабілетін таныту үшін барлық мүмкіндікке ие болуы тиіс. Сондықтан, биыл алғаш рет өткізіліп отырған «Рухтастар» сыйлығы жас азаматтарды белсенді қоғамдық қызметке ынталандыруға және жастарды ортақ, жасампаз құндылықтар төңірегінде топтастыруға бағытталған», – деді Асхат Оралов.


Осылайша, «Қайсар» жыл батыры номинациясын бойынша Жаңаөзен қаласының полиция аға лейтенанты Әлібек Басбаев жеңіске жетті. Ол өз өміріне қатер төніп тұрғанына қарамастан, үшінші қабаттағы пәтердің терезесіне көтеріліп, құлап кетуге шақ қалған аутист баланы құтқарып қалды.

«Полиция бөліміне хабарлама келіп түсті. Онда терезе алдында ерекше бала тұрғаны және есікті өз бетінше аша алмайтыны айтылды. Біз бірден оқиға орнына келдік. Мен екінші қабаттағы көрші пәтер арқылы үшінші қабатқа көтерілдім. Сөйтіп, баланы аман-есен анасына табыс еттік. Бұл біздің күнделікті жұмысымыз. Марапат туралы ойлаған да емеспін», – деді Әлібек Басбаев.


«Нұрлы ақыл» жыл студенті номинациясы бойынша жоғары үлгерімі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін Семей қаласының студенті Медина Бейімбетова марапатқа ие болды. Ол бүгінде Жетісу университетіндегі «Start up академияның» резиденті. Сондай-ақ, робототехника мектебінде жұмыс істейді. Бұған қоса, оқушыларды түрлі олимпиадалар мен жарыстарға дайындайды.

Өскемен қаласынан келген Сырым Өмірзақов «Ыстық қайрат» еңбек адамы номинациясында жеңіске жетті. Сырым қалалық ЖЭО-да жетекші инженер болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, ол жұмыс істеп қана қоймай, жастар арасындағы қызметін де ұтымды үйлестіріп жүр.

«Жылдың экобелсендісі» номинациясында Қостанай облысының Федоровка ауылының кәсіпкері Наурызбек Бірмағамбетов жеңіске лайық деп танылды. Оның есебінде қоршаған ортаны қорғау бойынша көптеген жобалар мен іс-шаралар бар.


Ал «Жылдың әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша жеңісті Петропавл қаласынан келген студент, «Баршаға арналған ғылым» жобасының жетекшісі Валерия Астапова және «Tahtay Team» жекпе-жек клубының негізін қалаушы, MMA кәсіби спортшысы, Астанадан келген Василий Тахтай бөлісті.

Астана қаласынан келген студент Диас Түгелбаев пен Тараз қаласынан келген Аяулым Расылхан «Рухты белсенді» жыл белсендісі номинациясы бойынша жылдың үздік белсенділері атанды.

«Пандемияның аса ауыр кезеңінде күн сайын 300-ден астам отбасыға ыстық тамақ жеткізіп жүрдік. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлерге және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға 120 мыңнан астам медициналық маска тараттық. Ал үйден шыға алмағандарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткіздік. Менің ойымша, әрбір қазақстандық азамат белсенді болып, айналасындағы жағдайға бей-жай қарай алмауы керек. «AMANAT» партиясында еңбегімді еленіп жатқанына қуаныштымын», – деді Аяулым Расылхан.


«Рухтастар» сыйлығы аясында «Жылы жүрек» номинациясы бойынша Орал қаласының тұрғыны Талғат Шудаба және Қарағандыдан келген студент Ақсанат Төлесова үздік волонтерлер атанды. Белгілі белсенді азамат, «Белгісіз Қазақстан» блогының авторы, астаналық Диас Камериданов «Медиа саласының үздігі» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды.

«Қайырымдылық және волонтерлік ісімен 7 жылдан бері айналысып келемін. Біз мұқтаж адамдарды азық-түлікпен қамтып, көмек көрсетеміз. Сондай-ақ, шалғай ауылдарда құдық қазамыз. Бұдан өзге де әлеуметтік жобаларды қолға алып жүрміз. Мен үшін волонтерлік қызмет – жүрек қалауы», – деді Талғат Шудаба.


Сонымен қатар, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бөлімшесі және Алматы қаласы Әуезов аудандық бөлімшесі «Жастар Рухы» жастар қанатының үздік бөлімшесі болып танылды. 

«Рухтастар» сыйлығы – бұл жай ғана жақсы достармен жүздесу және белсенділердің еңбегін құрметтеу емес. Бұл – шалқар шабыт, әлеуметтік жұмыспен айналысуға, мұқтаж жандарға көмектесуге, үйренуге, игі жұмыс істеуге және армандауға ынталандыру. Осы шабыт ұзақ уақыт қанаттандырады деп сенемін мотивация маған ұзақ уақыт жетеді», – деді Оңтүстік Қазақстан университеті жанындағы «Жастар Рухы» бөлімінің басшысы Гүлрух Кудратуллаева.

«Жастар Рухы» жастар қанатының Павлодар және Ақмола облыстарындағы филиалдары «Үздік филиал» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.