20 қар, 2023 сағат 11:39

Аман Төлеев қайтыс болды

© РИА Новости / Александр Кряжев

Ресейдің Кемерово облысының бұрынғы губернаторы Аман Төлеев 79 жасында қайтыс болды. Бұл туралы қазіргі аймақ басшысы Сергей Цивилев мәлімдеді, деп хабарлады "Ұлт ақпарат" РИА Новости порталына сілтеме жасап.

"1997 жылдан 2018 жылға дейін Кемерово облысының губернаторы болған Аман Төлеев өмірден өтті. Ол - бүкіл өмірін Кузбасс пен Ресейге қызмет етуге арнаған жарқын, ерекше тұлға", - деп жазды Цивилев Telegram желісіндегі арнасында.

Ол Төлеевтің өлімін орны толмас қаза деп атап, облыс өмірінің тұтас бір дәуірі бұрынғы губернатормен байланысты екенін айтты.

"Ол шахтерлер Транссібір теміржолындағы көлік қозғалысын бөгеген қиын-қыстау кезеңде аймақты басқарды және дағдарыстан алып шықты.

Кузбастықтар Аман Төлеевті өз қызметінде әрқашан халықтың мүддесін бірінші орынға қойған нағыз халық губернаторы ретінде еске алады", - деп жазды Цивилев.

Аман Ғұмырұлы Төлеев 1944 жылы Красноводск (Түрікменстан) қаласында дүниеге келген. Әкесі – қазақ. Байұлы тайпасының Адай руынан шыққан.

Нововсібір темір жол инженерлері институтын (1973), Қоғамдық ғылымдар академиясын (1989) бітірген. Еңбек жолын 1964 жылы Кемеров облысында теміржолшы болып бастаған.

1997 жылдан бастап Кемерово облысының губернаторы болды. 3 рет (1991, 1996, 2000) РФ Президенттігіне кандидат болып тіркелді.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 25 наурызында ресейлік Кемероводағы төрт қабатты «Зимняя вишня» сауда орталығы өртке оранды. Өрт ошағы жоғарғы қабаттан шыққан, онда бірнеше кинотеатр мен балалар ойын алаңы орналасқан. Өрттен 64 адам қаза болды. Қайтыс болғандар тізімінде 41 бала болды. Зардап шеккендердің жалпы саны 79-ға жетті.

Осы оқиғадан соң Аман Төлеев өз еркімен отставкаға кету туралы өтініш жазды.