15 жел, 2021 сағат 15:20

"Алтынқор" медиапорталы іске қосылды


Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің  қолдауымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясының мәдени мұраны цифрландыру бағытындағы бірегей жобасы altynqor.com медиапорталы іске қосылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сайтта Қазақ телевизиясы алтын қорындағы 1930 жылдардан бергі видео және аудиоматериалдар, сондай-ақ Тәуелсіздік жолындағы айтулы тарихи оқиғалар топтастырылған.

Сайт - қарапайым көрерменнен бөлек, зерттеуші ғалымдар үшін ашық дереккөз ретінде пайдалануға мүмкіндік.

Медиапортал «Бейнеқор», «Аудиоқор», «Тұлғалар» және  «Фотоархив» бөлімдерінен тұрады. Әр бөлімде телевизия және радио ардагерлерінің, қазақ әдебиеті мен мәдениеті қайраткерлерінің сұхбаттары, естеліктері, жеке архиві топтастырылды.

Елбасы Н.А.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бастамасын жүзеге асыру мақсатында сайтқа батырлар жырының  50 нұсқасы,  100 күй, 100 ертегі нұсқасы, «Сыңсу», Бесік жыры, «Жар-жар», «Беташар», «Жарапазан», Жоқтау» жинақталды.

«Бейнеқор» бөлімінде С.Әшімбаев, Ш.Мұртаза, С. Оразалин жүргізген «Парыз бен қарыз», «Ұлт және сана», «Сұхбат» бағдарламаларымен қатар, әр жылдардағы «Тамаша», «Халық қазынасы», «Асыл мұра», «Адам іздеп жүрмін», «Келесі аялдама», «Кеш жарық», «Күлтөбе» сынды 800-ден астам бөлімнен тұратын 50 телехабарлар циклы, «Советтік Қазақстан» киножурналы мен «Қазақтелефильм» өндірістік бірлестігінің жобалары бар. 

«Тұлғалар» бөлімінде К.Әзірбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, Ш.Жиенқұлова, К. Байсейітова, Ш.Айманов, Ш.Айтматов, Қ.Мырза Әлі сынды тұлғалардың қатысуымен әр жылдары түсірілген  бейнетоптамалар қамтылды.

«Аудиоқор» бөліміне 1954 жылдан бергі сақталған М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Есенберлин, Б.Соқпақбаев, Ғ.Мүсірепов сынды 100 ұлт қайраткерінің әр жылдары жазылып алынған дауыстары бар. 

Бүгінде «Алтын қорда» 110 мыңнан астам бейне және аудиоматериал болса, оның қатары жыл сайын 1000 материалмен толықтырылып отырады. Сондықтан сайтты толтыру ісі де тұрақты түрде жалғасады.