Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстанның мәдениет қайраткерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қырғызстан президентінің жарлығымен мәдениеттанушы Мұрат Әуезов пен ақын Мұхтар Шаханов "Данакер" орденімен марапатталды.
Ал "Достук" ордені публицист, әдебиеттанушы, журналист, киносыншы, мәжілістің бұрынғы депутаты Сауытбек Әбдірахмановқа, мемлекет және қоғам қайраткері, түркітанушы ғалым Мырзатай Жолдасбековке және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы, ректор Жансейт Түймебаевқа табысталды.
"Даңк" орденін Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова иеленді.
Сондай-ақ "Қырғыз Республикасының Халық әртісі" құрметті атағы қазақстандық белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевқа және танымал эстрада әншісі Роза Рымбаеваға берілді.
Роза Рымбаева мәдениеттің шекарасы жоқ екенін атап өтті.
"1996 жылы маған Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағы берілді. 28 жылдан кейін "Қырғыз Республикасының Халық әртісі" құрметті атағын алып отырмын. Бұл мен үшін үлкен жетістік", - деді әнші.
Бұдан бөлек "Таң-Шолпан" көркем-әдеби журналының редакторлар кеңесінің төрағасы, бас директоры Дидар Құлкенов "Даңк" медалімен марапатталды.