Фото: «Қазаэронавигация»
Ұланғайыр қазақ елінің аспанын күніне мыңдаған әуе транспорттары кесіп өтеді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ‒ ауыр міндет. Осындай жауапты міндеттердің бірі «Қазаэронавигация» жанындағы Апаттық құтқару іс-қимыл амалдарын үйлестіру орталығына жүктелген. Осы ретте Ult.kz тілшісі орталыққа барып, Әуе қозғалысын жоспарлау бас орталығы бастығының орынбасары Марат Өнербаймен тілдесіп қайтты.
Апаттық құтқару іс-қимыл амалдарын үйлестіру орталығы «Қазаэронавигация» компаниясының Әуе қозғалысын жоспарлау бас орталығының құрамында құрылып, 2014 жылдан бері қызмет етіп келеді.
‒ Марат Алтайұлы, сіздердің жұмыстарыңыздың негізгі мақсаты мен міндеті қандай?
‒ Қазақстанның әуе кеңістігінде тәулігіне 1450‒1500-ге дейін ұшақ ұшып өтеді. Сол ұшақтармен апаттық жағдай болғанда бізге бірден хабар береді. Әр өңірде әуежайда біздің мұнараларымыз бар. Онда біздің мекеменің қызметкерлері бар. Олар ‒ әуе диспетчерлері. Солардан хабар келген кезде біз бұл ақпаратты тексеріп, тікұшақтарды тез арада құтқару жұмыстарын жүргізуге бағыттаймыз. Қазір Қазақстан бойынша 27 тікұшақ кезекшілікте тұр.
Фото: Марат Өнербай тілшіге мұнаралар орналасқан картаны көрсетіп тұр
Сонымен қатар біз Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Азаматтық қорғаныс комитетінің жергілікті қызметкерлерімен тікелей жұмыс істейміз. Әр облыс, әр өңір, әр департаментпен біздің бірлескен жоспарларымыз бар. Екі жақ бірігіп құтқару амалдарын жасаймыз. Біз тікұшақ көтереміз, хабар береміз, ал жергілікті Азаматтық қорғаныс комитетінің қызметкерлері жер бетіндегі өзінің құрал-жабдықтарымен құтқару жұмыстарын жүргізеді.
Ең басты мақсат ‒ апаттық жағдай болған жағдайда тез арада көмек беру.
Фото: Орталық қызметкерінің жұмыс үстелі
Біздің жұмыста «бағалы алтын сағат» деген түсінік бар. Бір ұшақпен апаттық жағдай болған кезде біз екі сағаттың ішінде тікұшақ көтеріп, құтқару жұмыстарын жүргізуіміз керек. Екі сағаттан кейін апатқа ұшыраған адамдарды құтқару мүмкіндігі төмендей бастайды.
Біздің тікұшақтар күннің атысынан, күннің батысына дейін кезекшілікте тұрады. Түнгі жұмыстарды тек қана Қорғаныс министрлігінің түкұшақтары жүргізеді.
Біздің орталық тәулік бойынша жұмыс істейді. Қызметкерлердің бәрі даярлықтан өткен. Бес жылда бір рет біздің қызметкерлерді құтқару іс-қимылдарын жүргізу бойынша дайындайтын шетелдегі оқу орындарында оқытамыз. Қызметкерлеріміздің барлығы ағылшын тілін біледі.
Фото: Орталықта қызметкерлер жұмыс істеп отыр
Одан кейін, екі жылда бір рет авиациялық әкімшілік бізді тексеріп тұрады. Олар біздің жұмысымызды қадағалап отыратын өкілетті орган. Әкімшілік біздің құрал-жабдықтарымызды, қызметкерлеріміздің дер кезінде оқудан өткенін, қандай әуе компаниялармен байланысымыз бар екенін, барлығын қадағалап отырады.
‒ Оқу жаттығудан өтіп тұрасыздар ма?
‒ Елімізде үйлестіру құрамы құрылған. Оған ‒ Көлік министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі және Қорғаныс минстрлігінің өкілеттіктері кіреді. Оған Көлік министрлігінің қызметкері төрағалық етеді. Сол құрам әр жылдың басында келе жатқан жылға жоспар құрады. Сол жоспардың аясында бір жыл ішінде әр өңірде 16‒17 оқу-жаттығу, пысықтау жұмыстарын өткіземіз. Координациялык оқу-жаттығу, байланыс оқу-жаттығу және толқ масштабтағы оқу-жаттығу деген болады, солардың барлығын жыл бойы өткіземіз. Қазірдің өзінде Қазақстан бойынша үш үлкен оқу-жаттығуын өткіздік. Жақында өткізген оқу-жаттығуымыз Петропавл қаласында болса, оның алдында Жезқазған мен Орал қалаларында болды.
‒ Сіздердің орталықтарыңызда жұмыс істегісі келетін қызметкерге қандай талап қойылады?
‒ Әрине талаптар бар. Біздің ең басты мақсатымыз ‒ әуе кеңістігін қадағалау, ұшуды ұйымдастыру болғандықтан, қызметкерлеріміз авиация саласынан болуы керек. Ол адам ұшақтың не екенін, тікұшақтың не екенін, оның техникалық мінездемесін білуі тиіс. Бұдан бөлек өзіміз де оларды дайындаймыз, оқуға жібереміз.
Фото: Орталық қызметкерінің жұмыс барысы
‒ Қандай заманауи технологиялармен жұмыс істейсіздер?
‒ Былтыр күзде Азаматтық авиация халықаралық ұйымының (ИКАО) жиналысында болған кезде «LADR жүйесі» әр мемлекетте қойылып жатқаны туралы айтылған. Қазір заманауи шығып жатқан тікұшақтарда сондай жабдық бар. Апат болған жағдайда әуе кеңістігіндегі спутниктер арқылы тікұшақ өзі бірден хабар береді. Ол хабар барлық үйлестіру орталықтарына, әуе қозғалыстарын қадағалау, ұйымдастыру орталықтарына бірден келеді. Ол жүйе осындай ұшақ, осындай жерде, мынандай компанияның ұшағы, қай жерге құлауы мүмкін немесе қонуы мүмкін деген сиқты ақпараттың барлығын көрсетіп береді. Бұл заманауи жабдық біздің орталықта да бар.
Фото: «LADR жүйесі» орнатылған компьютер
Бұдан бөлек, телефон арқылы хабарлауға барлық мүмкіндігіміз бар. Әуе кеңістігінен ұшып жатқан көліктердің барлығын көріп, қадағалап отырмыз. Жақында біздің орталыққа үлкен видеоқабырға қояйын деп жатыр. Ол видеоқабырға арқылы Қазақстандағы барлық лакаторлардан ақпарат келіп тұрады. Қай жерде қандай ұшақ ұшып бара жатқанын көріп отыра аламыз. Қалған барлық құралдар бізде бар, мүмкіндігіміз толық жетеді, барлық құрал-жабдықтармен жабдықталғанбыз. Қызметкерлдеріміз ауысыммен жұмыс істейді.
‒ Күніне қанша хабарлама аласыздар?
‒ Бүгін таңның өзінде ұшақтарымыз ұшу және қону кезінде құстармен соғысып қалды деген 2 ақпарат келді. Өздеріңіз білесіздер, қазір құстардың жылы жаққа ұшу уақыты. Сондықтан ондай жағдайлар жиі болады.
Егер ұшақтың ұшқышы апатты жағдайды хабарламаса, бірақ біз «осындай жағдай болды» деп ақпаратты жоғарғы жаққа жеткіземіз. Мысалы кеше Вьетнам мемлекетінің ұшағы Астанадан ұшып шыққан кезде техникалық себептермен әуеге көтеріле алмай қалды. Қайтып қонуы үшін салмағы азаюы керек. Сондықтан Қарағандының үстінен 1 сағаттай айналып өтті. Біз ол хабарды жеткіздік. Осындай техникалық жағдай бар, бірақ оны апатты жағдай деп хабарламайсың. Ұшқыш та «иә, осындай техникалық жағдай бар, бірақ бұл апатты емес, әрі қарай ұшып кете беремін» десе, оны да жеткіземіз.
Ал егер апаттық жағдай болса, «Mayday‒Mayday! SOS‒SOS!» деп барлық құтқару қызметкерлерін көтереміз. Біздің үстімізде Ахуалдық орталық деген бар, біз барлық ақпаратты сонда жеткіземіз.
Апаттық жағдай туралы хабарлама көп келмейді. Көбінесе құстармен болған немесе техникалық жағдайдан болған хабарламалар көп болады. Күніне 3-4 сондай ақпарат жібереміз.
Әр ақпаратты тексеруімізге тура келеді. Себебі оның артында не бар екенін білмейміз ғой. Мысалы біреу тікұшақтың түтіні шығып жатқанын көрдім деп хабарласуы мүмкін. Ондай жағдайды бірден тексереміз. Бір кездері пойызда кетіп бара жатқан бір кісі «Қапшағайда тік ұшақтың құлағанын көрдім» деген. Біз апатты жағдай деп тез арада Боралдайда тұрған тікұшақты көтердік. Түкұшағымыз Қапшағайдың үстін ұшып өтті. Барлық жоспарды қарап шықтық, ол жерде ешқандай тікұшақ болған емес. Бізге ақпарат келді ме, оны міндетті түрде тексереміз.
«Қазаэронавигация» 1995 жылы құрылған. 2 868 380 ш. км әуе кеңістігін бақылайды. Әуе трассаларының жалпы ұзақтығы – 111 781 км. 74 көршілес мемлекетпен әуе дәліздері бар. Орташа алғанда, жылына шамамен 415 мың ұшуға қызмет көрсетіледі. Халықаралық стандарттарға сәйкес әуе қозғалысына қауіпсіз және сапалы аэронавигациялық қызмет көрсету және азаматтық авиация саласының дамуына атсалысуды негізгі миссиясы санайды.
Сұқбаттасқан:
Балжан Жеңісқызы
