Қазақ пен қырғыз, қарақалпақ пен ноғай, татар, башқұрт, түрікмен секілді түбі бір туысқан халықтардың бай мұрасы, тарихи тамыры, заманалардың терең қойнауындағы аралас-құраластығы туралы ұлтымыздың кемеңгер ұлдары әр кезде ықыласпен назар аударып, терең мән беріп келгендігі тегін емес. Алты сан алаш, он сан оят, қырық сан қият, тоғыз сан торғауыт деп эпостарымыздың кіріспесінде тыңдаушыға ескертіліп айтылып келгендей түбі ортақ, түгел жұрттың нәрлі тамырларының салалары әдеби-фольклорлық қазынамызда тамаша сақталған. Іргелі империялар құрып, Еуразияның ен даласында еркін өмір-сүріп, қанаттас, санаттас болған көгентүп халықтар тұрмақ, нәсілі басқа көршілес елдерге де жауынгер түркілердің мәдениеті жайылып, генетикалық әсері де болғандығы ақиқат. Мәселен, фин-угор текті мажарлардың бойында да рухани-туысқандық жақындыққа дәлел бар. Әйткенмен, біздіңше, кімнің кімге жақын немесе алыс екенін ғасырлар керуенінде халықтың бет-бейнесін сақтауға құнды құрал болған бірегей ұлттық коды, рухани қазынасы айпарадай айқындап беретіні анық.
Қазақ пен қырғыздың ағайындық жақындығын басқаны былай қойғанда әйгілі «Манас» жырының өзі ғана дәлелдеп тұр емес пе?! Сол себептен де «Манас» жырын алғаш рет жазып алып, түптұқиянын зерттеп, әлемге танытқан ұлы Шоқан осы эпоста қырғыз, қазақ ұлыстары қатар жырланып, олардың бір-біріне туыс-тұқымдас жұрт екендігі, сонымен бірге бір-бірінен жеке дара жүрген ел екендігі де ашық суреттелетіне терең мән берген.
Яғни, қазақ пен қырғыздың ағайындығы да, алшақтығы да эпоста шынайы бейнеленген деуге болады. Осындай даралықты Шоқан қырғыз бен қазақтың дене пішінен де бірден байқап «что даже в физиономии бурутов есть что-то своеобразное, не кайсацкое» деп жазады.
Ғұлама ғалым қырғыздар Алтай, Саян, Тянь-Шань, Памир, Алай тауларының биік шоқыларында мұз жастанып, қар төсеніп дара да емін-еркін жүріп, төл мәдениетін бұзбай сақтаған түркілік бітімі ерекше халық екенін айта келе «тау қырғыздары ежелгі заманнан ешқандай ханға, сұлтанға, бекке бағынбай өз ру ақсақалдарының билігінде болғанын» жазады. Шоқан қырғыз халқының фольклорлық жадында хандардан Әз Жәнібек, Еңсегей бойлы Ер Есім сақталғанын, ал Жошы ханды ашамайға мінгізіп әкеле жатқанда құлан теуіп өлтіргені туралы аңыз қалғанын жазады.
Кейінгі зерттеулерде белгілі болғандай қырғыздардың ауқымды бір бөлігі Жошы ұлысы, Әз Жәнібек, Хақназар хан, Тайыр хан, Есім хан, Тәуке хан, Салқам Жәңгір, тіпті Абылай тұсында да қазақпен тізгіні бір боп, ара-жігі ашылмай тіркесіп жүрген.
Қазақ пен қырғыздың мәдениеті, ділі, тіліндегі ортақ тұстар, арналы айшықтар бір ғасырдың еншісінде ғана емес, талай дәуірлер мен заманалар иірімінде сан қабат, сан тараудан құйылғаны, жиылғаны байқалады.
Қазақ-қырғыз фольклорлық қатынасын зерделеген қырғыздың белгілі ғалымы Б.Кебекова қырғыз халық қазынасын Оңтүстік Сібір дәуірі, Моңғолиялық Алтай кезеңі, ХІІІ-ХІҮ ғғ Алтын орда және ноғайлы дәуірі, кейінгі Орта Азия, Жетісу кезеңіне бөліп тексеріп, байсалды тұжырым жасайды.
Әрине, бұл дәуірлерде көптеген түркі-моңғол халықтарымен қоңсылас болып араласқан қырғыз мәдениеті сан алуан қырымен дамыған. Ібір-Сібірде жүрген бауырлас ұлыс тувамен тұқымдас, алтаймен ағайындас, ойратпен ойы, жоңғармен жолы бір қабысқан тұстары бар. Таулы аймақта тағы табиғатты бағындырып, орманда аңшылық құрып келген осы елдің рухани жандүниесінен Сібірдегі түркі ұлыстарына ұқсас тайгалық мәдениеттің лебі есіп тұратыны да бар.
Түркі халықтарының ішінде тілі ең моңғолданған ел тува болса (тыва рухани мәдениетінің 50 пайызы моңғолмен тең), моңғолмен тығыз көршілік қатынасқа түскен алтай, телеуіт, хакастар да енші алысқан. Аталмыш ұлыстар Жоңғарияның құрамында іргелі тайпа болған, сол себептен де өзінің ағайынын ажырату үшін шежіреге жүйрік бабаларымыз жоңғарларды «қара қалмақ», оларды «құба қалмақ» деп атаған. Осы бауырлас елдердің фольклорында Әмірсана, Шона, Ғалдама секілді жоңғар қолбасшылары ұлттық батыр дәрежесінде мадақталып жырланатыны сондықтан.
Енесейде ен жайлап, Минусин ойпатында мыңдаған жыл болған қырғыздар да моңғол тілінен тәбәрік алған. Әрине, кез келген халық әлемде ешкімге араласпай томағатұйық кепте өмір сүруі мүмкін емес. Тіпті қырғыздардың ішінде, Қаракөлде жоңғардан қалған «ұрықтар» өмір сүріп, ХХІ ғасырда, дәл қазіргі күні аздап ойратша тіл қатып отырғанына таң қалуға болмас.
Телегей-теңіз халық шежіресін бойына жинақтаған алып энциклопедиялық жыр «Манаста» қырғыздардың ұлы дүркін көші-қон бағыты, мекен-тұрағы туралы да кең мәліметтер бар. Мәселен, «Манас» жырында «Жақып елді шақырып Алтайдан Анжиянға көшелік деп айтқаны» деген тармақ бар:
Алтайдан көшіп алсақ дейм,
Анжыян жаққа барсақ дейм..
Маңғұлда жүрдім мал сақтап,
Манжурлардың жұртында,
Басып жүрдім жан сақтап.
Ал, сүйкенісіп өмір сүрген, сүйегі мен қаны бір қазақ жұртының маң даласы «Манаста» былай жырланады: «Лепсі бар, Қарақұм, күн шығысы Сарыарқа,күллі бәрі қазақта...Есіл, Нұра суы бар,есен-аман осы бар...Оралдың ұзын тауы бар,Еділ, Жайық жері бар,ене-атамыз өскен деп, бір қилы елдің кебі бар».
«Манас» эпосындағы жер-су аттары да жойқын тарихтың дауылды толқынынан хабар береді. Алтай мен қатар Қаңғайдың аты аталып, ежелгі түркінің қасиетті Өтүкені өлең өрнегіне айшық болады.
Алтайлықтар ортасында сюжеті батырлық ертек нұсқасында қалыптасқан «Алып Манаш» Орта Азияға келгенде толығып-толықсып «Манас», «Алпамыс», Кавказ бен Анадолыда «Алып Бамсы» жырына айналғаны секілді алтын Алтайдан ауған аталас алаш басынан не кереметтерді кешпеген десеңізші?!
Қырғыздар арасында ескі түркілік санаға тән Сібірлік кезеңнен ұласқан миф, әпсаналар әжептәуір сақталғанын зерттеушілер байқаған. Соның бірі Шоқан ерекше мән берген – шежірелік мифтер. Қырғыздың бір тайпасы арғы тегін мүйізді Бұғы енеден таралды десе, бір алуан мифтерде қырғыз халқы қасиетті қызыл «тайғаннан» таралғаны айтылады. Тайған деген моңғол тілінде тазы деген сөз. Осы екі мифте де Сібір тайгасындағы аңшылық кезеңнің, арғы түркілік сенім-нанымның жұрнағы сезіледі. «Манас» жырында батырдың тұлпары керемет мадақталады, сонымен бірге жүйрік тазысы да тамаша бейнеленеді. «Манас» эпосына тән бұл ерекшеліктің өзі қырғыздардың байырғы аңшылық мәдениет іздерін ұмытпай келгенін көрсетеді.
Жалпы, алтайлық дәуірден жеткен ортақ рухани қазына қабаттарымен бірге, алтайлықтар мен қырғызда мундуз, төлес секілді тайпалардың тегі бір. Сібірдегі бауырластар Мундуз тайпасын кейде мөндөр деп те атайды. Мөндөр деген қазіргі моңғол тілінде бұршақ деген сөз. Түрік-моңғол тілдерінде «р-з» дыбыстары ауыса беретіндіктен бұл сөздің төркіні тереңде. Осы мундуз тайпасының шығу тегі туралы миф көне түркілік наным-сенімнен тағы да хабар бергендей:
«Ертеде бір қыз нөсер төпелеп жауып тұрғанда аспанға қараған екен, содан аузына бір бұршақ еніпті де, қыз жүкті болыпты, содан тараған ұрпақтар мундуз аталған » дейді ескі әпсана.
Қырғыздардың мал шаруашылыққа қатысты кейбір арбау мәнінде айтылатын жырларында да алтай, телеуіттермен үндес арналар кездеседі. Олар жас бұзау туғанда «Кылоо» деген өлең айтып, бұзаудың аман-есен өсуіне ақ тілек білдіру ырымын жасайды: «Кылоо, кылоо, ылдиға түссең ұры алат, өрге шықсаң бөрі алат, орта жерден шықпай жүр» деген бұл шағын тілек бата алтай, телеуіттер арасында да осы нұсқада кездеседі. Әрине, дәл мұндай ырым қазақ, өзбек, қарақалпақтар арасында мүлде кездеспейді.
Бұдан аңғаратынымыз, қырғыз халқының Оңтүстік Сібірдегі мәдени қабатының арғы жұрнақтары әжептәуір сақталғанымен Орта Азиялық кезеңде тіл, әдебиет, фольклоры исламдық ұғым-түсінікпен ұштасып байып, жаңа сатыға дамып көтерілген деуге негіз бар.
Ақеділ Тойшанұлы,
филология ғылымдарының кандидаты